Алдағы уақытта банктердегі валюталық депозиттерді теңгеге конвертациялау, яғни жаппай алмастыру үдерісі басталуы мүмкін. Себебі мұнай бағасының құлдырауы өз шегіне жақындады. Бұл өз кезегінде теңгенің құлдырауына әсер етіп келді. Енді халық депозиттерін теңгеге ауыстыра бастайды. Бұл туралы Алматыда өткен кәсіпкерлер форумында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев мәлімдеді. Оның ойынша, алдағы күндері ұлттық валютаның өтімділігі жоғарылайды деген үміт бар.
Елде Америка ақшасынан бас тарту саясаты жүріп жатыр. Ұлттық Банк те теңгенің тартымдылығын артыру үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегінше, қазір банктердегі депозиттерде АҚШ ақшасының үстемдігі 80 пайызға жеткен.
Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:
Бұл мәселеде былай деп айтар едім: бәрі бір бірімен тікелей қатысты, мұнайдың бағасы теңге курсына қатты әсер етіп отыр. Меніңше, мұнайдың құны бұдан артық құлдырауы мүмкін емес. Ендеше жақын болашақта теңгенің өтімділігі жоғарылауы тиіс. Әйтпесе елдегі АҚШ валютасының банктегі депозиттерге ықпалы күшейіп, ол «үлкен проблемаға» айналып барады.
Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған кәсіпкерлердің кеңейтілген конференциясында бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Қалалық кәсіпкерлер палатасы бизнестің жүйелік проблемаларына талдау жүргізген. Нәтижесінде кәсіпорындардың нақты проблемасы анықталды. Палата 3 мың кәсіпкерге сауалнама жүргізіп отандық өндірушілердің өнімін өткізудегі қиындықтар, әкімшілік кедергілер, банктен несие алудағы мәселелер, салықтық ауыртпашылықтар бар екенін анықтады. Тимур Құлыбаев сондай-ақ елде жүріп жатқан жекешелендіру науқанына қатысты ұсыныстарын білдірді. Соның бірі - жекешелендіруге шығарылған нысандарды сатып алу үшін, қаржыны бөліп төлеу идеясы. Егер бұл механизм іске қосылса, отандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер көкжиегі ашылмақ. Алматыда кәсіпкерлік айтарлықтай дамыған. Қалада ішкі жалпы өнімнің 34 пайызын жекеменшік кәсіпорындар беріп отыр. Шаһар бюджетінің 43 пайызы да осы жеке кәсіпкерліктен түседі.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ