Алматыда трамвай апатына қатысты сот басталды

  • AstanaTV
  • 09 ақпан 2016
  • 1500

Жолындағы 18 көлікті жайпап өткен трамвай апатына қатысты іс бүгін Алматыдағы Алмалы аудандық сотында қарала бастады. Айыпталушы орындығында трамвай депосының механигі Николай Никоненко, жүргізуші Елена Стекольникова мен оның тәлімгері Ирина Чучкалова. Мемлекеттік айыптаушы Везир Мирзоев сот сараптамасының қорытындысын жария етті. Онда, «21-қыркүйек күні трамвай бағытқа шығуға жарамсыз болған, яғни көлік құралының тежегіші істен шыққаны анықталды», деп көрсетілген. Бірақ «трамвайда техникалық ақау барын біле тұра бағытқа шығарды» деген айыптаумен депо қызметкерлері келіспейді. 

Бүгін алғашқы сот отырысында куәгерлерден жауап алынды. Трамвай стажеры Елена Каримова сол күні апат тудырған көлікте болғанын айтады. Темір жол көлігі бағытқа шығып, жолаушылар тасып жүргенде барып сыр берді деп отыр. 

Елена Каримова: 

Наурызбай көшесіне жете бергенде, мотордан түтін шыққанын байқадық. Трамвай тізгініндегі жүргізуші, тәлімгер және мен  жолаушыларды салоннан түсіріп, өрт сөндіру құралымен бықсыған отты сөндірдік. Осы кезде полиция қызметкері келіп, көлік құралын жолдан алуды сұрады. Тәлімгер Чучкалова екеуміз трамвайдың тежегішін сырттан алып тастамақ болғанымызда, іште отырған Стекольникова тежегіштің басылмай жатқанын ескертті. Жылдамдық үдей түсті. Жүргізуші шығып үлгерді. Біз жеңіл көлікке отырып соңынан  қуып жетпек болдық. Алайда кешіккенімізді түсіндік.

Сот процесіне куәгерлердің тек жартысы келгендіктен, судья сот отырысы 16 ақпанда қайта жалғасатынын жария етті. Еске сала кетейік, Алматыда 21 қыркүйек күні трамвайдың қатысуымен ірі жол-көлік апаты болған еді.  5 адам зардап шегіп, 18 көлік бүлінген. Сол жолы қатты жарақаттанған бір азаматша күні бүгінге дейін ем-дом алып жатыр. 

Айгүл ЕРМАХАН