Қазақстандық сарапшылар тұңғыш рет Президенттік сайлау науқанына қатысты тұшымды сараптамалық баяндама жасады. «Президенттік сайлау 2015: қорытындылары мен келешегі» атты зерттеу жұмысында биылғы президенттік сайлау науқаны терең талданып, ел үшін маңыздылығы жан-жақты қарастырылған. Сараптамаға Қазақстан стратегиялық зерттеу институы мамандарымен қатар шет елдік сарапшылар да тартылды.
Марат Шибұтов, тәуелсіз сарапшы:
Бұл президенттік сайлауға қатысты тұңғыш қазақстандық баяндама. Бұған дейін баяндамаларды халықаралық байқаушылар жазатын, бірақ ол сайлау заңнамасының сақталуына қатысты сараптама. Жан-жақты талдауды ресейлік сарапшылар беретін. Енді, міне, отандық сарапшылар жалпы Қазақстанның президенттік сайлау кампаниясын ұйымдастыруы жайында, сонау 91-ші жылдан бері қарай тарқатты.
Юрий Булуктаев, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:
Қазіргі жағдайдың өзі, әлемдік экономикалық дағдарыс, геосаяси ахуал өте күрделеніп тұр. Сондықтан азаматтар өздерінің ерікті шешімдерін қабылдап, әлемге тарихи саяси белсенділік көрсеткішін танытты.
Джейкоб Зенн, «JAMESTOWN» қорының сарапшысы, АҚШ:
Астанада сайлау барысының мерекелік көңіл күйде өткендігін көрдім. Концерт, би арқылы халықты дауыс беруге тартып жатты. Бұл өте қызық көрінді маған, себебі өзге мемлекеттерде, менің елімде бұлай жасалмайды. Бұл іс-әрекеттер халықты біріктіре түсті.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ