«Қазақстандықтар - Кеңес Одағының батырлары» атты бейнеантологияның тұсаукесері өтті

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2015

«Қазақстандықтар - Кеңес одағының батырлары». Астанада осындай айдар тағылған тұңғыш бейнеантологияның тұсауы кесілді. Фильмнің премьерасында сөз алған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, шараның басты мақсаты - тарихи сабақтастықты жалғастыру, бүгінгі ұрпақты елдегі бейбіт өмірді көзінің қарашығындай сақтауға үндеу деп, атап өтті. Антология «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында жасалды. Оны «Нұр Отан» партиясы Еуразиялық топпен бірге, республикалық кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары орталық мемлекеттік мұрағатының қатысуымен жүзеге асырды.

Қазақстандықтардың батырлығын паш ететін фильмдер желісі Жеңістің 70 жылдығына орай жасалған ерекше сый болды. Бейнеантологияның тұсаукесеріне келген көрермендер осындай пікірін білдіріп жатты. Рәсімде сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, біз тек халқымыздың ерен еңбегі мен тастүйін бірлігінің арқасында Ұлы Жеңіске жеттік деп, атап өтті.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, жастарымызды ұрпақтар сабақтастығы болып, жастарымызды тәрбиелеп. Осы бүгін бізде елімізде салтанат құрған бейбітшілік, келісім, тұрақтылық - оны сақтауымыз керек. Сіздердің үлкен ерліктеріңіздің арқаңызда біз бүгін бақытты өмірге ие болып, осы бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да жастар бүгін осы біздің ата-бабаларымыз ерлік жасаған, өзінің қанын төккен елін сүйген, сол үшін өмірін аямаған ардагерлердің, тылда жұмыс істеген біздің ата-бабаларымыздың үлкен ерлігін білу қажет.

Фильмдер антологиясын «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде Еуразиялық топпен бірге, республикалық кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары орталық мемлекеттік мұрағатының қатысуымен «Нұр Отан» партиясы жасап шығарды. Айта кетерлігі, Еуразиялық топ Ресейдің Псков облысында «Даңқ жолы» атты халықаралық патриоттық жобасын жалғастырып жатыр. Аталмыш жоба аясында қазірдің өзінде Новоржев қаласында павлодарлық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры Павел Добовойға қола мүсін қойылды. Жоба - барлық қазақстандық-қаһармандардың тарихын бір циклға топтастырған алғашқы туынды. Сонысымен де бірегей. Фильмде қаһармандардың майдандағы ерліктерімен қоса, соғысқа дейінгі және кейінгі өмірлері туралы тың деректер қамтылған. Батырларды ұлықтайтын фильмдер желісі соғыс ардагерлерін ерекше толқытты.

Өтепберген Мұстафин, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Мына балалар әскерге дайындалып жатыр, аман болсын. Аспанымыз ашық болсын. Ұлы мерекемен бәріңізді де құттықтаймын.

70 сериядан тұратын антологияны жасап шығару үшін, білікті мамандар тобы жұмылдырылған. Жобаға сценарий жазушылар және режиссерлермен қоса тарихшылар да ат салысты. Фильм барысында қолданылған музыканы да ерекше атап өткен жөн. Өйткені соғыс жылдарында туған қазақ композиторларының әндері тұңғыш рет қолданылып отыр. Ал мұрағат құжаттары мен бейнематериалдары 3D графикамен әрленді.

Раушан Малдыбаева, фильмнің музыкалық редакторы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

Осы фильмде, осы жобада тек қазақ, қазақстандық композиторлардың шығармашылығын кіргіздік. Әр үн, әр нота, әр фрагмент өте терең, өте терең ойды білдіреді. Және өте маңызды.

Юрий Серебряков, Еуразиялық топтың персонал және қауіпсіздік мәселелері бойынша вице-президенті:

Біз «Нұр Отан» партиясымен бірігіп, өте салмақты, өте маңызды жобаны дайындап шығардық. "Қазақстандықтар - Кеңес Одағының батырлары" атты жобаның қажеттілігі зор. Өйткені соғысқа қатысқан отандастарымыз туралы материал аз. Сондықтан бұл фильм әсіресе жас буын үшін маңызды.

Фильмде тарихи оқиғалар боямасыз көрсетіледі. Сол жылдардағы ақиқат анық беріледі. Ең бастысы - ұрыс даласына аттанған, Отан үшін от кешкен қазақ ұлдарының тағдыры жан-жақты көрініс тапқан. Тұсаукесерді ардагерлермен қоса, Парламент депутаттары, зиялы қауым мен «Жас Ұлан» және «Жас Қыран» жасөсірімдер ұйымдарының өкілдері тамашалады.

Нұрберген Қажияхметов, «Жас Ұлан» республикалық мектебінің курсанты:

Бұл фильм біздің қазақстандық патриоттық сезімді көтеріп, рухымызды көтерді, мен әрбір ардагерді Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын.

Бейнеэнциклопедияның мақсаты - қазақстандық батырлардың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ерліктерін паш ету. Ұрыс даласынан әрбір екінші отандасымыз қайтпай қалды. Бейнеантология ұзақтығы 8-10 минуттық қазақ және орыс тілдеріндегі қысқаметражды деректі фильмдерден тұрады. Оларды 6 мамырдан бастап «Астана» телеарнасы мен Kaharman.kz сайты жұртшылық назарына ұсынады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ