Отандық өнім сапасын өндірістік қауымдастықтар сараптайды

  • AstanaTV
  • 10 ақпан 2016
  • 2575

Қазақстанның өндірістік қауымдастықтары мен жеке бизнес өкілдері жұмысқа қажетті өнімді міндетті түрде отандық тауар өндірушілерден сатып алу керек. Бұл талап бойынша тиісті келісімге қол қойылды. Құрылыс, машинау жасау, жеңіл өнеркәсіп - барлығы жеті қауымдастық пен отандық 10 ірі компания арасында келісімшарт жасалды. «Жақын болашақта аталмыш келісімге тағы 50 компания қосылуға ниетті», - дейді «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері.  


Арман Рүстембаев, компания өкілі:

Бүгінге дейін біздің компания кабельдік өнімдерді шет елдерден, оның ішінде Ресейден алып келді. Енді кабель өндіруші осындай үлкен зауытпен келісімге келе отырып, біз қазақстандық кәсіпорын ретінде, әрине, қажеттіні өзімізден аламыз.

Келісімшартқа сәйкес, отандық өнімді сатып алуға міндеттелген бизнес өкілдері өндірушіге бірнеше талап қоя алады. Мәселен, тауардың жоғары сапасы мен импорт алмастыру, сұранысқа сәйкес жаңа өнім шығару, тағысын тағы. Жаңа келісімнен кейін отандық өнім өндірушілерге қазақстандық ірі компаниялардың сатып алуларына қатысу жеңілдегенмен, шетелдік компаниялармен сауда жасасуда әлі де қиындықтар бар көрінеді.

Ғасал Мусин, кәсіпорын директоры:

Тауарды жеткізуге небары 10 күн береді, ал ол тауар үшін төлемді 120 күннің ішінде жүргізеді. Ешбір отандық тауар өндіруші он күннің ішінде үлкен компанияның барлық қажетті өнімін жеткізе алмайды. Ал өз компанияларының ақысын, CNPC компаниясы, яғни қытайлық кәсіпорындардың ақшасын келесі күні-ақ аударады. Бізге: келісімшартта 120 күн деп бекітілген, күтіңдер - дейді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері  зауыт өнімін тексеріп,  қазақстандық тауарлар тізіміне енгізуге уәде берді. «Атамекен» палатасының бүгінгі тағы бір жаңалығы, СТ-КZ сапа сертификатына қатысты. Нақтырағы, оны «индустриалды» сертификатқа алмастыру. Бірақ оның нақты қашан алмастырылатыны белгісіз. Бүгін белгілі болғаны - енді отандық өнімнің сапасына тәуелсіз сарапшылар қорытынды бере алмайды.

Жеңісбек Дулатов, «Атамекен» ҰКП мемлекеттік сатып алулар және жергілікті қамту департаменті директоры:

Енді сараптаманы салалық қауымдастықтардың өздері жүргізеді. Бір өндіріс саласында бір одаққа біріккен кәсіпорындар сертификатты оң-солды таратпайды. Себебі ол жалған немесе үлкен тендер үшін құрылған бір күндік компания болып, жеңіске жетіп жатса, сіздер қолда тұрған табыстан қағыласыздар. Өз іштеріңіздегі, жақсы білетін кәсіпорындарға сіздерден артық сараптаманы ешкім бере алмайды, ал біз тек сертификат үлестіреміз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ