Русский Сайттың толық нұсқасы

Асылжан Мамытбеков: Еліміздің су басқан өңірлерінде егіс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде

  • AstanaTV
  • 08 мамыр 2015
  • 1580

Еліміздің су басқан аймақтарында егін егу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді. Оның сөзінше, апаттан қатты зардап шеккен Қарағанды және Ақмола облыстарында қазір алқаптар құрғап, егін егу науқаны басталған. Ал тасқын судан шығын көрген шаруалардың мүлкі мемлекет есебінен өтеледі деді министр.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Қарағанды, Ақмола облыстарындағы су тасқыны егін егу жұмыстарының барысына қатты әсер ете қойған жоқ. Бидай тұқымы мен қоймалары суға кеткен жекелеген шаруалар бар. Олардың шығындары арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша кейін өтеледі. Қазір Оңтүстік өңірде егіс науқаны аяқталса, Қарағанды облысында құрғаған алқаптарда жұмыс жүргізіліп жатыр.

Алдымыздағы жылдың алғашқы жиын-терім науқаны Қазақстанда құрастырылған «Джон Дир - John Deere» маркалы ауыл шаруашылығы техникасымен жүргізіледі. Әлемге әйгілі компания 2016 жылы Павлодар облысында құны 50 млн долларлық жобаны іске асырады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласына қажетті техниканың 1000-нан астам  түрін құрастыруға қауқарлы.

Тлек Бекбасаров, «Еуразия групп» компаниясының өңірлік даму директоры:

Жоба Павлодар қаласында жүзеге асырылады. Сондай-ақ өңірлерде батыс стандартына сай қызмет көрсету орталықтарының құрылысы жоспарлануда. Қазірдің өзінде Қазақстанда 13 қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жұмыстарға қосымша 50 млн долларға дейін инвестиция құямыз. Жаңа орталық «Қазақстанда жасалған» деген маркалы техникаға қызмет көрсететін болады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ