Өткен жылы іске қосылған жылжымайтын мүлікті заңдастыру бағдарламасына қатысты Ақтөбеде дау шықты. Қаладағы 262 көлік гаражының заңды иесі жоқ. Ал темір тұлпарларының орнын меншіктей алмаған бір топ ақтөбелік тұрғын шенеуніктердің табалдырығын тоздырып жүр. Мәселенің ақ-қарасын Мансұр Есхожин анықтап көрді.
Мына көлікжай бірлестігіндегі 1 400 гараждың 262-сі иесіз. Іс жүзінде темір тұлпарын тоғытып, ие болып жүргендер болғанымен, оларда тиісті құжат жоқ. 2009 жылға дейін бірлестікте ортақ жер актісі болған. Салықты кооператив басшылығымен қатар, жеке-жеке гараж иелері қосарлана төлеп келген. 2006-2007 жылдары жүргізілген заңдастыру науқанында гараж иелері тек техникалық паспорт рәсімдеп алған. Ал гараж тұрған жер заңдастырылмаған көрінеді.
Ольга Заржевская, Ақтөбе қаласындағы көлікжай кооперативінің төрағасы:
Техникалық паспорттың ешқандай күші болмай тұр. ХҚКО тіркемейді. Меншік иесі туралы ақпарат жазылатын пайдалануға беру туралы актіні де рәсімдей алмаймыз. Себебі жер телімінің иесі туралы құжатымыз жоқ.
Көлікжай орналасқан жер телімін меншіктеу мақсатында тұрғындар бармаған жеріміз,баспаған тауымыз қалмады дейді. Әзірге нәтиже болмай тұрғанын да айтып қынжылады.
Виктор Ивченко:
Қалалық сәулет бөліміне бардық. Олар құрылыс жүргізуге рұқсат қажет дейді. Жердің актісі болу керек екен. Жер комитеті болса, сәулет бөліміне сілтеп, техникалық паспорт сұрайды.
Қалалық жер қатынастары бөліміндегілер гаражды заңдастыру үшін оның орналасқан жеріне құжат сұрап отыр. Ол үшін алдымен меншік иесін анықтау қажет. Сондықтан сотқа жүгінуге кеңес береді.
Қуаныш Жолдыбаев, Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің жетекшісі:
Азаматтық кодекстің 240-ші - «иелену мерзімі» туралы бабы бар. Яғни азамат белгілі бір жылжымайтын мүлікті 7 жылдан астам пайдаланса, сот арқылы меншіктеуіне болады. Кооператив төрағасы жердің аталған азаматтың меншігі екендігін растауы қажет. Содан кейін сот мүлік иесін анықтайды және соттың шешімін негізге алып, құжаттарды рәсімдейтін боламыз.
Алайда, көлікжай иелеріне соттан да көмек болмай тұр. 2012 жылдан бері, 20-ға жуық сот отырысы өткенімен, нәтиже шамалы. Фемида өкілдері әр кез меншік иесін анықтауға қақымыз жоқ деп қайтарған.
Гүлзия Мақсатқызы, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы:
Арызданушы тарап сотқа тек бір құжат қана көрсете алды. Ол жер телімінің көлікжай құрылысына бөлінгендігін растайды. Бірақ меншік иесі туралы ақпарат жоқ. Талап қоюшы тарап сотқа қажетті меншік иесін дәлелдеуші құжаттарды ұсына алмады.
Мансұр Есқожин, тілші:
Еске салсақ, жылжымайтын мүлікті ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін заңдастыруға болады. Алда әлі жарты жылдан астам уақыт болғанымен, көлікжай иелері сот залынан әрі аса алмаймыз ба деп қорқады. Әзірше олар ие болып жүрген гараждарын не сата, не жалға беруге құқы жоқ.
Мансұр ЕСҚОЖИН