Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда балық қорын қорғаушы мекеме материалдық-техникалық базаға жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 08 мамыр 2015
  • 1450

Атырауда балық қорын қорғаушылар материалдық-техникалық базаға жарымай отыр. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында теңізге арналған бір де бір кеме жоқ. Сондықтан олар ішкі істер органдары мен шекарашылардың көмегіне зәру. Мемлекеттік мекеме браконьерлерден тәркіленген қайықтарды қоюға да орын таппай отыр. Бұл туралы «Бекіре» балық қорын  қорғау акциясы жайын талқылаған Үйлестіру кеңесінде айтылды.

Бұл - полицейлердің «Бекіре» шарасы аясында 150 келі бекіре тұқымдас балықты тәркілеу сәті. Қала маңындағы Дамбы селосының тұрғыны заңсыз ауланған балықты көлікпен көшеде емін-еркін тасымалдап жүр. Бір бұл емес, су маржандарына заңсыз қол сұғушыларға «Бекіре» шарасы да тосқауыл бола алмай тұр.

Мұрат Ермекқалиев, Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысы: 

Бізде теңіз катерлеріне қатысты үлкен проблема бар, оны жасырмаймыз.  Бұл туралы комитет те, жергілікті әкімдік те жақсы біледі.  Таяз суларға арналған кемелер бар, соларды ғана пайдаланамыз.  

Бірнеше заманауи қайықтармен жарақтанған браконьерлер жай балықты менсінбей, бекіре аулау мақсатында, Каспий теңізіне жиі шығады. Ал олармен күресуге балық қорын қорғайтын мемлекеттік мекеме қауқарсыз. Инспекция қарамағында теңізге шығатын су көлігі мүлдем жоқ. Сондықтан құқық қорғаушылар мен шекарашыларға алақан жаяды.

Хайырбек Мұсабаев, ҚР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті балық ресурстарын молайту басқармасы басшысы:

Теңіздің Жамбай, Зинеден ауылы тұстарын бақылауға алу керек. Бізде, инспекцияда, техника жоқ, сондықтан полициядан, шекарашылардан көмек күтеміз.

Дегенмен акция басталған 1 сәуірден бері заңсыз айналымнан 30 тоннадан астам балық тәркіленді, оның бір жарым мың тоннасы бағалы балық, төрт келісі - бекіре тұқымдас балықтың уылдырығы.  Броконьерлерден 65 жүзу құралы алынды. Мамандар "көп жағдайда жүзу құралдары браконьерлердің өзінде кетеді" деп отыр. Өйткені қайықтарды сақтайтын орын жоқ. Ал жергілікті әкімдік ұсынған «Арнаулы автобаза» мекемесінің тұрағына жеткізу де қосымша қаржы талап етеді,- дейді балық қорғау инспекциясы  мамандары.

Хайырбек Мұсабаев, ҚР орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті балық ресурстарын молайту басқармасы басшысы:

Үлкен жүзу құралын  құрғақпен жеткізу үшін, үнемі  эвакуатор жалдау керек. Біздің инспекция бюджеттік мекеме болғандықтан, оған қаржы жоқ.  Сондықтан кейде тұраққа жеткізе алмай, мәселе бір жақты болғанша, қолхатпен  браконьерлердің өздеріне беріп жібереміз.

Сондықтан инспекция басшылығы әкімдіктен қосымша орын бөлуді сұрап отыр. Бұл браконьерлердің қылмысты қайталамауына көмегін тигізер еді,- дейді олар. Айта кетейік, шара басталғалы бері табиғат қорғау заңнамасын  өрескел бұзған 116 факт анықталды. 107 қылмыстық іс қозғалды.

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ