Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында тағы да балықтар қырылу дерегі тіркелді

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2015
  • 1304

Атырауда тағы да балықтардың қырылу дерегі тіркелді. Бұл жолы Құрманғазы ауданындағы Атөткел өзенінде 2 жарым мың тоннадай ұсақ балықтардың өлгені анықталған.

Мұны алдымен ауыл тұрғындары көріп, бейнетаспаға түсіріпті. Онда балықтың бірнеше түрінің өліп жатқанын анық байқауға болады. Атөткел - Қиғаш өзенінің сағасы. Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандарының айтуынша, Атөткел өзегі көктем мезгілінде болмаса, үнемі құрғақ жатады. Қырылған балықтардың жалпы мөлшері - екі жарым мың тонна, оның екі мың тоннадайы балпан балық, қалғаны алабұға, қызылқанат секілді ұсақ балықтар.

Мамандар оқиға орнына барып, сараптама жұмыстарын жүргізген. Өңірде «су маржандарының» қырылуы соңғы аптада екінші рет қайталанып отыр. Өткен аптада «Ақ Жайық» табиғи резерваты аумағында екі тонна ұсақ балықтың қырылып жатқанын хабарлаған болатын.

Аумақтық инспекцияның Құрманғазы аудандық бөлімінің бас маманы Таңатар Қуанәлиевтің айтуынша, балықтар оттегінің жетіспеуінен қырылып қалған болуы мүмкін. Өйткені Атаөткел өзегінде қамыс пен қоға тым қалың өскен. Бұл өз кезегінде балықтардың еркін жүзуіне кедергі келтірген. 

Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ