Русский Сайттың толық нұсқасы

«Адем» сауда орталығын жалға алушылар Ұлттық қордан пайызсыз несие сұрады

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2015
  • 1962

Күлге айналған «Адем» сауда орталығын жалға алушылар «Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан» көмек сұрады. Жанып кеткен сауда орталығының алдына бүгін шығынға батқан кәсіпкерлер мен заңгерлер жиналды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Гүлнар Құрбанбаеваның айтуынша, Ұлттық қордан пайызсыз несие беру қолданыстағы заңда қарастырылмаған. Себебі әр кәсіпкер табатын пайдасына орайластыра отырып, кәсібін өз қаражатына дөңгелетеді. Сондықтан пайызсыз несие беру негізсіз. Мүмкін болса, материалдық көмекті қайырымдылық қорынан қарастырған жөн дейді палата өкілі.

Дегенмен, әзірге тергеу қорытындысы шыққан жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, «Адем» сауда орталығы қазір апатты жағдайда тұр. Сондықтан мұнда адамдардың кіруіне тыйым салынған. Қазіргі таңда кәсіпкерлердің аймақтық палатасына зардап шеккен бизнес өкілдерінен 470 арыз түсті. Олардың бір бөлігі құқық қорғау органдарына берілген. Ал ҰКП құзырлы органдардың жұмысын үйлестіру міндетін өз мойнына алады. 

Гүлнар Құрбанбаева, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:

Расында да сараптама қорытындысы бойынша, сауда орталығы апатты жағдайда. Оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Ертеңнен бастап штаб жұмыс істейтін болады. Біз тілсіз жау өз бетінше тұтанды ма, жоқ әлде әдейі өртелді ме, оны міндетті түрде анықтайтын боламыз. Сіздер тек төзімділік танытыңыздар.

Еске салайық, Алматыдағы ірі сауда орталығының бірі - "Адем" - сәуірдің 26-сы күні отқа оранған болатын. 25 мың шаршы метр аумақ жанып кеткен. Шамамен 2 мыңдай кәсіпкер шығынға батты.

Еркін КАРИН