Керекуде мектеп оқушысы өзі қатарлас қыз баланы пышақтады деген күдікке ілініп отыр. Бірнеше жерінен жарақат алған жеткіншек облыстық балалар ауруханасына түскен. Ал құрбысын ауыр жаралады деп күдік келтірілген 16 жастағы бозбала ата-анасының кепіл хатымен үй қамаққа алынған. Полицейлер, баланың мұндай қадамға не себепті барғанын тергеу анықтайды, деп отыр. Әсемгүл Мұхитқызының репортажы.
Күдікке іліккен оқушы қаладағы нөмірі 25-ші орта мектептің 10-шы сыныбында оқиды. Мұғалімдер оның бұған дейін оғаш қылық көрсетпегенін айтады.
Гүлсім Қайырбекова, Павлодар қаласы №25 орта мектебі директорының міндетін атқарушы:
Бір жарым жыл осы мектепке оқыды. Оқыған уақытында сабақ үлгерімі орташа. Ешқандай есепте тұрған жоқ. Өзі белсенді оқушы. Сыныптан тыс шараларға белсенді қатысты. Факт болған күні ол бала сабақта болды. Сағат 14:20 кеткен уақытта мектептеп шығып кетті.
Бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 106 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тәртіп сақшыларының айтуынша,бұл бап "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" дерегін қарастырады. Тиісінше жазасы да ауыр.
Жанар Әбілқайырова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:
Қылмыс жасау себептері анықталуда. Тергеу жалғасып жатыр. Бұл баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Жәбірленуші қыз бала бүгінде ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер ахуалын орташа деп отыр. Мойын тұсы мен қос қолының сыртынан бірнеше мәрте пышақталған науқастың жағдайы түскен күнгіден тәуір. Бірден ота жасалып, жарақаты тігіліпті.
Серік Нұрланов, Павлодар облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
Қазір науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ем қабылдап жатыр. Жарақаттар косметикалық деп айтуға болады. Мойынның тамырлары мен басқа да ағзалары зақымданған жоқ. Болашақта еш қиындық болмайды деп ойлаймын.
Ішкі істер департаментінің бұл оқиғаға қатысты берген ақпараты бойынша, оқиға 4 ақпанда болған. Күдікті 16 жасар жеткіншек сол күні-ақ ұсталған.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Жәбрленуші 15 жасар қыз Абай атындағы 10-шы орта мектебінің 10 сыныбында оқиды. Ұстаздардың айтуынша, оның тәрбиесі жақсы, оқуда озат. Тіпті қоғамдық жұмыстарға да белсенді ат салысқан. ІІД хабарлағандай, бұл қызға ауыр жарақат салған күдікті бүгінде ата-анасының кепілдемесімен үй қамағында отыр.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ