Қуғын-сүргін құрбандары жайлы толық ақпаратты қамтитын «Мемориал» веб-порталы құрылды. Жаңа сервис Ішкі істер министрлігінің сайтынан ашылған. Мұрағаттар базасында қуғын-сүргін көрген жандар, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түскен кеңес жауынгерлері жайында ақпарат жинақталған. Қазірдің өзінде веб-порталға 109 мың адамның мәліметтері енгізіліпті.
"Мұрағат тарихты жандандыруға септігін тигізеді", - дейді Ішкі істер органдарының өкілдері. Тек өткен жылдың өзінде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарынан, ғалымдар мен зерттеушілерден, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардан 555 өтініш түсіпті. Олардың 400-ден астамы Қазақстан азаматтарынан. Тағы 100-ден астамы ТМД елдері мен алыс шет мемлекеттерден келген.
Рауза Әлжанова, ҚР ІІМ арнайы мемлекеттік мұрағатының аға инспекторы:
Біздің «Мемориал» сервисінде қуғын-сүргінге ұшырап, бұрынғы Кеңес үкіметінің 58-59-шы баптары бойынша контрреволюциялық, мемлекеттік қылмыстары үшін сотталған, артынан сот органдарыменен ақталған адамдардың қылмыстық істері бойынша біз ақпарат береміз. Және де ол веб-порталда толық ақпарат бар.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА