Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда үш бірдей жаннан айырылған отбасы туыстары әділдік іздеуде

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2015
  • 1310

Алматыда үш бірдей жаннан айырылған отбасы, кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп, қауіптенеді. Екі сәби мен анасы осыдан бір жарым жыл бұрын табиғи газ жарылысынан опат болған еді. Отағасы осы жантүршігерлік оқиғаға «Қалалық газ желісі» мекемесінің қызметкерлерін кінәлап, әділдік іздеп келген. 


Алайда істі сағызша созған құқық қорғау органдары тұрғын үйге газ құбырын жүргізген жеке фирманың қызметкерлерін жақында ғана қамауға алыпты. Бүгін осы іс бойынша алғашқы сот тыңдалымы басталды. Алатау аудандық сотына бүтін бір отбасын қара жамылдырған компанияның 5 қызметкері айдауыл күзетімен жеткізілді. Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып отыр. 

Дәулет Кенебаев, арызданушы:

Әділдік болса екен дейміз. Үш адамды, үш баланы ғой тірідей өртеп жіберген адамдар, меніңше, түрмеде отыруы керек, жазасын алуы керек деп ойлаймын. Осы іс барысында 5 тергеуші ауысты. Барған бастықтар әр кезде әр түрлі уәде берді. Бірақ айтқандарын орындамады.

Ермұрат Мұханов, адвокат:

Шынымен, істі созып жіберген. Бірнеше адам өлген, келген шығын да орасан. Сондықтан жапа шеккендерді түсінемін. Қылмыстық кодекстің 104-бабы - байқаусызда адам өліміне соқтырған деген айып - бойынша кінәлілерге 5 жылға дейін түрмеде отыру жазасы қарастырылған. Ал 202-бап  - бөтеннің мүлкін жою деген айып - бойынша 3 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Айта кетейік, оқиға 2013 жылдың қараша айында болған. «Әйгерім» ықшам ауданындағы жер үйге газ торабын тартқан қызметкерлер «баспана ішіндегі кранды жаппаған» деген күдік бар. Бөлмелерге тұнған газдың жарылуынан 23 жастағы әйел екі баласымен өртеніп кеткен. Сәбилердің бірі 5 жаста, ал екіншісінің өмірге келгеніне небәрі 18 күн болған. Балалардың әкесі қазір баспананы жауып, өзі пәтер жалдап, күн кешіп жүргенін айтты. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ