Еліміздегі ең қарт адам Оңтүстік Қазақстан облысында тұрады. Төлеби ауданы Достық ауылының тұрғыны Фатима Хайранова биыл 120 жасқа толды. 1896 жылы 1 қаңтарда өмірге келген ол ұрпағының көптігімен мақтанады. Бір ұл, екі қызынан 15 немере, 33 шөбере, 30 шөпшек және 3 немене сүйіп отырған бақытты әже. Қариядан тараған ұрпақтың әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп кеткен. Олар әженің туған күнінде міндетті түрде бас қосады.
Айваз Хайранов, шөпшегі:
Менің апам Қазақстанда ең үлкен жастағы апа. Мен мақтан тұтам өз апамды. Құдай бәріне сондай жас берсін. Мен бақыттымын сондай апамның болғанына. - Сен несінші ұрпағысың апаңның? - Мен үшінші ұрпағымын.
Әжейдің есту қабілеті нашарлағанмен, ойы анық, денсаулығы мықты. Кейуана қиын қыстау кезеңде Кавказдан туыстарымен бірге келіпті. Ауыр еңбекке мойымай балаларын жетілдірген. Келіндері енелерінің ұзақ өмір сүруін әжейдің тым сабырлы болуынан деп топшылайды. Уақытылы ұйықтап, дұрыс тамақтанады. Міндетті түрде айран-сүт ішеді дейді. Соңғы он жылға дейін бес уақыт намазын қаза қылмапты.
Гүлбахар Исаева, келіні:
Мен бұл шаңыраққа алпыс жыл бұрын келін болып түстім. Енем өте сабырлы, кісіге қиянаты жоқ. Біреуді сыртынан сөз қылуды ұнатпайды. Бес баламды да, немерелерімді де өзі бақты. Жұмыстан келгенше, барлық шаруаны жайғастырып қоятын. Ғұмыры бұдан да ұзақ болсын деп тілейміз. Осы кісі секілді мен де немере-шөберемнің қызығын көруді армандаймын.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ