Атырауда үйлерін су басып қалған тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру және апаттың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Кеше кешкісін 550-ден астам тұрғын көшірілді. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігіне қарасты төтенше жағдай комитетінің ресми сайты ақпарат таратуда. Туыстары мен таныстарының үйіне баруға мүмкіндігі жоқтар мектептерге орналастырылған. Оларға қажетті жағдай жасалып жатыр. Нөсер жаңбырдың салдарынан 42 тұрғын үй мен 250 ден астам жекеменшік үйдің ауласын су басып қалғаны белгілі болып отыр. Бұл сан әлі де өсуі мүмкін. «Жағдайды қалпына келтіру үшін 136 адам мен 38 мамандандырылған техника жұмылдырылды», - деп хабарлады аталған комитеттің ресми сайты.
Айта кетейік, Атырауда 1 тәулік бойы толассыз жауған жауын салдарынан тұрғын үйлер суға кетіп, кейбір мектептер мен балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Нөсер жауыннан тек жеке үйлер ғана емес, көп қабатты үйлердің жертөлелері мен автокөлік жолдарын да су басып қалған. Салдарынан бірнеше ықшам аудан электр жарығынсыз қалды. Мектептер мен балабақшалар жабық. Кейбір ескі үйлер опырылып құлап қалған. Гидрометорталықтың мамандары бұл аймақта жаңбыр әлі де жауады деп болжап отыр. Тасқын салдарын жою мен жағдайды бақылауда ұстау мақсатында Атырау облыстық әкімдігі мен аймақтық ТЖ департаменті өкілдерінен жасақталған шұғыл штаб құрылды.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА