«Бостон террактісіне қатысты айғақтарды жасырды», - деген айыппен сотқа тартылған қазақстандық қос студентке қатысты сот үкімі жарияланатын күн таяу. Бұл туралы біздің арнамызға Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов хабарлады. Отандастарымызға қатысты сот үкімі 14 мамырда шығуы тиіс еді. Алайда істің басты фигуранты Джохар Царнаевтың ісі бойынша сот процесінің ұзаққа созылуы қазақстандықтарға қатысты үкім мерзімі де шегеріліп отыр. Әмір Исмағұлов ұлы мен оның досы Диас Қадырбаевтың ақталып шығарынан үмітті. Қазір адвокаттар сотқа тиісті өтініш жолдады. Айта кетейік, судья, қазақстандық студенттер террактіден кейін қоқысқа лақтырған сөмке тікелей дәлел емес деген шешімге келген. Сондай-ақ Әмір Исмағұлов ұлының сот барысында Царнаевқа қатысты жауап беруден бас тартқанын мәлімдеді.
Әмір Исмағұлов, Азамат Тәжаяқовтың әкесі:
Бұған дейін судья Азаматқа қатысты үкімді 14-ші мамырда шығаруы тиіс еді. Алайда Царнаев ісі уақытында аяқталмай үкімді бірнеше аптаға шегерді. Енді 5 маусым деп отырмыз. Азаматтан барлық айып алынып тасталады, жігіттеріміз ақталып шығады, - деген үміттеміз.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ