Ақмола облысында қырылған киіктердің саны 4 мыңнан асты. Бұл туралы облыстық орман инспекциясы хабарлады. Бірақ, құзырлы органның өкілдері киік өлекселері одан да көп болуы мүмкін екенін болжайды. Себебі, қырылған ақбөкендердің жаңа «ошақтары» күн сайын табылуда. Жақсын ауданының аймағында «карантин» жарияланған. Онда 1 мың 200 өлексе өртеліпті. Десек те, жергілікті әкімдік қазіргі күні 30-40 шақырым радиуста қырылған киіктер табылмағанын мәлімдеуде. Қазір Қазақстанның Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында киіктердің жаппай қырылуы өршіп тұр. Ғалымдардың алдын-ала мәліметінше, дала жануарлары «пастереллезден» өліп жатыр. 2013 жылғы ақпарат бойынша, Қазақстанның территориясында киік саны 187 мың болған. Ал 2014-жылдың ортасында жүргізілген санаққа сүйенсек, киіктер саны - 256 мыңнан асқан. Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз аумағында соңғы бірнеше күнде қырылған кийіктер саны тоқсан мыңнан асып кетті. Өткен жұмада, түз тағылары жаппай қырылған Қостанай облысының Амангелді ауданында осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ