Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейдегі Троицк электр станциясы Тобыл өңіріндегі Шұбаркөлге өндірістік қалдық төгуді тоқтатар емес

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2015
  • 1481

Ресейдегі Троицк электр станциясы Тобыл өңіріндегі Шұбаркөлге өндірістік қалдық төгуді тоқтатар емес. Тіпті 2018 жылға дейін берілген рұқсат құжаттарды тағы ұзартуға қолқа салып отыр. Алайда, күл көмбесіне айналған көл маңайын көгалдандыруға келгенде, көрші елдің кәсіпорны құлықсыз.

Троицк электр станциясынан шыққан өндірістік қалдық Кеңес кезінен қалған құбыр арқылы екі елдің шекарасын кесіп өтіп, Қостанай облысы аумағындағы Шұбаркөлге  төгіледі. Көлге күл төгілген сайын, қоршаған ортаға келтірілген залал үшін облыстық қазынаға да қомақты қаржы түседі. Жыл сайын ресейлік тарап 1 миллиард теңгеге жуық  салықтық төлем жасайтын көрінеді. Осыған қарағанда, екі жақ та еш ұтылып отырған жоқ секілді.

Бірақ, жергілікті эколог-мамандар тоғанды толық күлмен толтырып, үстіне құм төсеп, төңіректі түгел көгалдандыру қажет дейді. Әйтпесе экологиялық қауіп сейілмейді деген сенімде. Ал Троицк станциясының өкілдері болса, игі шараны атқаруға асығар емес. Жуықта қос тараптың  басшылары жолығып, Шұбаркөл  мәселесін тағы көтерді.

Нұралы Сәдуақасов, Қостанай облысының әкімі:

Біздің тараптың бір ғана өтініші бар: Ресей жағы Шұбаркөлдегі 1-ші және 2-ші секцияға толықтай көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, экологиялық аудит жасаса, болғаны. Егер осы жұмыстар жүргізілсе, қоршаған ортаға және біздің төңірекке еш  залал төніп тұрған жоқ, экологиялық қауіп сейілді деп, сенімді түрде айтар едік.

Заңғар САНАЙ