Астанада «Допинг» жедел профилактикалық шарасы аясында жиырмаға жуық медициналық мекеме тексеріліп, құрамында есірткі заттары бар дәрі-дәрмектерді рецептсіз сатты деген айыппен жеке дәріханаларға қатысты 5 әкімшілік іс қозғалды.
Бұл туралы Астана қаласы Ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қадыров мәлімдеді. Айтуынша, заңсыз айналымнан құрамында кодеин бар «солпадеин», «тропикамит» секілді дәрі-дәрмектер және 100 граммнан астам есірткі заттары тәркіленген. Сондай-ақ, рейд барысында есірткі затын қолданған төрт жүргізуші ұсталған. Айта кетейік, «Допинг» жедел профилактикалық шарасының екінші кезеңі 18-22 мамыр аралағында өткізілген болатын.
Қайрат Қадыров, Астана қаласы Ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасы басшысының орынбасары:
Жыл басынан есірткі бизнесі саласында 90-ға жуық қылмыс әшкереленді. Соның ішінде 85 килограммға жуық есірткі заттары алынды. Осы жедел шараларды өткізген кезеңде 5 Әкімшілік кодексінің бұзушылықтары анықталды. Қазіргі уақытта тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жұрағат БАМАН