Қостанай облысында киіктердің қырылуына пастереллез ауруы себеп болды. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ресми түрде осыны мәлімдеді,-деп хабарлайды «Интерфакс-Қазақстан». Айта кетейік, өлген ақбөкендердің жалпы саны 90 мыңға жуықтап қалды. Дала жануарларының шығыны ең көп тіркелген Қостанай облысында 82 мыңға жуық ұша жойылды. Ақтөбе облысында жер жастанған киіктер 3 мыңнан асады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мамандары өлекселерді өртеп, көму жұмыстарын жүргізуде. Ақбөкендер ажал құшқан тағы бір аймақ - Ақмола облысында қырылған киік саны 4293-ке жетті. Бұл індеттің неден таралғанын нақты зерттеу үшін Ақмола облысына Ұлыбритания Корольдік ветеринария колледжі мен Франкфурт зоологиялық қоғамынан ғалымдар шақыртылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Ауыл шаруашылық және азық-түлік ұйымы мамандары да зерттеу жүргізуде.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА