Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Ресеймен біріккен «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешен жобасынан бас тартуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2015
  • 1349

Қазақстан Ресеймен бірлесе іске асырғысы келген «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені жобасынан бас тартуы мүмкін. Бұл туралы Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков мәлімдеді. Басты себеп - Ресей тарапы жобаны жүзеге асыруды 47 айға кешіктіріп жіберді. Сонымен қатар, ресейліктер жобаның құнын 223 миллионның орнына 2 миллиард долларға көбейтуді талап етіпті. Қазақстанның ендігі қадамы қандай болмақ? Берік Хасенов сабақтайды.

2004 жылы, «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені жобасын құрарда, Қазақстан Ресейден техникалық тәуелсіздікке, экологиялық таза зымыран тасығыш «Ангараға» қол жеткізуді көздеген еді. Бірақ 11 жылғы жеміссіз жұмыстың нәтижесінде қайтарымсыз жұмсалған 82 миллион доллар шығынға баттық. Жобаның болашағы сол күйі бұлыңғыр.

Ляззат Қиынов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Сол біріккен мекемеге 223 миллион доллар кредит бердік. Соның 82 миллионын пайдаланып кетті. Ақша далаға кетті. Кім, не, қалай жауап береді?

«Бәйтерек» жобасына жұмсалған қаражаттың бір тиынын да Қазақстанға ешкім қайтармайды. Өйткені 2004 жылғы келісімшартта, «Роскосмос» құрылыс мерзімін бұзған жағдайда, қандай да бір жауапкершілік алатыны туралы тетік қарастырылмаған. Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мейірбек Молдабеков осы ағаттық келісімшарттың ең әлсіз жері екенін мойындады.

Мейірбек Молдабеков, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

Бұл біріккен кәсіпорынның жұмысы осы алдарыңызда отырған Үкіметаралық келісімнің шеңберінде жасалған жұмыстар. Бірақ уақытында Ресей тарапы бұл келісімнің шарттарынан шығып, осы жобаның 223 миллион болмайды, одан жоғарыланады деген мәселе көтерді, осымен байланысты жұмыстар уақытында тоқтатылды.

Белгілі болғандай, Ресей тарапы жобаның құнын 223 миллион доллардан 2 миллиард долларға ұлғайтуды сұрапты. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыру мерзімін тағы 4 жылға созуды талап еткен. Бірақ «Қазғарыштың» есептеуінше, «Бәйтерек» жобасын аяқтау үшін, бар-жоғы 780 миллион қаржы қажет екен. Кепілдік үшін Қазақстан Ресейге де осындай қаражатты алдын ала төлеуді талап етіп отыр. Ресеймен арадағы жұмыс еш нәтиже бермесе, «Қазғарыш» басқа әріптес-тарапты табуға әзір.


Мейірбек Молдабеков, ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

Егер Ресеймен бұл жоба болмаса, Украина 5 жылдан бері бізге өз ұсыныстарын жасап жүр. Сондай вариант бар. Ол болмаса, Франциямен вариант бар. Франциямен екі вариант, олардың зымыранын пайдалануға болады. Екіншіден, олар бізге авиациялық-ғарыштық кешен жасау туралы жоба бар, соны бірден Байқоңырдың «Буран» қонған желіде қолданамыз деген екі жоба бар.

Бүгін қазақстандық сарапшылар «Бәйтерек» кешені бойынша кезекті келіссөз үшін Мәскеуге аттанды. Ресей Қазақстанның талабын қабылдай ма - әлі белгісіз. Жауабын кем дегенде бір апта күтуге тура келеді. Өйткені екінші маусымда «Бәйтерек» жобасының болашағы бойынша екі ел үкіметі өкілдерінің кездесуі Байқоңырда өтпек. Алдын ала мәлімет бойынша, кездесуге вице-премьерлер Бақытжан Сағынтаев пен Дмитрий Рогозин қатысады.

Берік ХАСЕНОВ