Астанада келіссөздер жүргізіп жатқан Сирия оппозициясы өкілдерінің басым бөлігі бүгін тиісті келісімге қол қойды. Бұл туралы Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы плюралистік қоғам үшін қозғалысының өкілі Бассам Битарға сілтеме жасап РИА Новости хабарлайды. Бірақ ол қандай топтардың келісімге қол қоюдан бас тартқанын айтпады. Және кейбір тараптың не себепті келісе алмағаны да құпия. Ал бұған дейін Интерфакс-Қазақстан оппозиция қозғалысының көшбасшысы Ранда Кассистің мәлімдемесін таратқан. Ол оппозиция өкілдерінің бірқатар мәселелер бойынша түсіністікке келгенін айтты. Ранда Касистің мәліметінше, қатысушылар дау-дамайды кезең-кезеңімен шешу керек деген байламға келген. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі Сирияның болашағы үшін аймақтарға автономия беру керек деген ұсынысты қолдаған көрінеді. Еске салайық, Сирия оппозициясының келіссөздері Астанада дүйсенбіде басталды. Бұл келіссөздің Елордада өтетінін СІМ Ерлан Ыдырысов өткен апта соңында мәлімдеген. Ал кеше министр, Сирия оппозициясының Астанада бас қосқан өкілдері келіссөздің бірінші күнін сындарлы өткізді деп мәлімдеді. Және келіссөздер соңында арнайы баспасөз мәслихаты өткізілетінін де айта кетті.
Айгүл ӘДЕПБАЙ