«Арселор Миттал Теміртау» кеншілері жұмыс орындарының сақталатынынан үмітті

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2016
  • 1662

«Арселор Миттал Теміртау» кеншілері Елбасы тапсырмасынан кейін жұмыс орындарының сақталып қаларынан үмітті. Күні кеше президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыс орындарын сақтау мен жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша 100 млрд теңге бөлуді жүктеді. Сондай-ақ мемлекет тұрғын үй коммуналды шаруашылығы нысандарын жөндеу, жатақханалар құрылысы, шағын және орта бизнес нысандарын инфрақұрылыммен қамту ісін қолдайды.

Биылғы жыл он жеті мың кеншісі бар «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы үшін жағымсыз жаңалықпен басталған. Кәсіпорында оңтайландыру жұмыстары жүргізілмек. Басшылық мұны дағдарыстың салқыны деп түсіндірген. «Қорғау» кеншілер кәсіподағы төрағасы бүгін жағдайдың өзгергенін айтты. Президенттің үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмалары олардың ертеңге деген сенімін нығайтқан.

Марат Миргаязов, «Қорғау» кеншілер кәсіподағының төрағасы:

Мемлекет барынша қолдауда, тасымал және электр энергиясы тарифтерін арзандатты. Бағдарлама жұмыс істеп тұр. Мың жарымға жуық жұмыс орны қысқаруы тиіс болған. Компанияның саясаты мемлекет саясатына кереғар. Қазіргі жағдайда жұмыс орнын сақтап қалу - басты мақсат.

Президенттің шағын-орта бизнесті қолдауға тағы 15 млрд теңге бөлуді тапсырғанын Павлодар облысы, Қашыр ауданының кәсіпкерлері қуана қабылдады. Өңірде 32 тұрғын мемлекеттік бағдарлама бойынша, жеңілдетілген несие алды. Солардың бірі Алексей Кох наубайхана ашып, керек-жарағын сатып алған еді. Тиісті коммуникациялар тартылмағандықтан, жұмысы тоқтап қалды. Үміті үзілген жандардың жаңа жобадан соң ертеңге деген сенімі пайда болды.

Алексей Кох, кәсіпкер:

Егер су құбырын, жолды тартып берсе және электр желісін тартуға жұмсаған 230 мыңды қайтарса, біз наубайхананы іске қосамыз. Кем дегенде алты жұмыс орнын ашып, тұрғындарды ыстық әрі арзан нанмен қамтитын боламыз.

Үкімет резервінен бөлінетін 100 млрд теңге әлеуметтік жағдайы төмен топтағылардың игілігіне жұмсалмақ. Қаржының 63 пайызы Жұмыспен қамтудың жол картасы жобасын жүзеге асыруға бағытталады. Жаңа мектептер салынып, ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар бой көтереді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласы қайта жаңғырмақ. Жас мамандарды жатақханамен қамту көзделіп отыр. Петропавлда арнайы мемлекеттік бағдарламамен 200-ге жуық жас маман жатақханадан орын алған. Олар - аспаздар, мұғалімдер және құрылысшылар. Жаңа «Береке» шағын ауданы бүгінде жастар қалашығына айналған. Мұндай баспаналар әр өңірде пайда болмақ.

Әсел Мәлікова, жас маман:

Жоғары білім алғаннан кейін жұмыспен қамту бөліміне бардым. Олар мені бір кәсіпорынға орналастырды. Ал былтыр мына пәтерді ұсынды. Іші  таза, жылы. Жұмыстан келгеннен кейін демаламын. Ешкім мазаламайды. Ал тапқан ақшамды жинап жатырмын, өз үйім болса деймін.

Мемлекет басшысы 60 мың адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылатынын айтқан болатын. Жобаларға бөлінген қаражаттың діттеген мақсатқа жұмсалуын бақылау да маңызды. Президент негізінен облыс және қала әкімдерінен сұрау болатынын баса айтты.   

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ