Астанада саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды. Іс-шара Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінде өтті. АЛЖИР және Қарлаг мұражайларының ғылыми қызметкерлері студенттер мен оқытушыларға ащы тарихи шындық жайында баяндады.
Шәкірттерді әсіресе Қарағанды түзеу-еңбек лагерінің екі тұтқыны жайлы тарихи оқиға қызықтарды. Қудаланғандардың бірі - «Қыз Жібек» поэмасы қолжазбасының авторы екен. Назарбаев Университетіндегі Жоғары білім беру мектебінің профессоры Дүйшон Шаматов қолжазбаны бүгінгі күнге дейін сақтаған туысы жайында айтып берді. Күзебай атасы Қарлагтан босатылған сәтінде, камерада бірге отырған адам оған «Қыз Жібек» поэмасының қолжазбасын беріп жіберген. Бұл қолжазба ұзақ жылдар бойы олардың отбасында, Қырғызстанда, сақталса керек. Бүгінде мамандар қолжазбаның авторы жайында қандай да бір мәлімет іздестіруде.
Дүйшон Шаматов, Назарбаев Университетіндегі Жоғары білім беру мектебінің профессоры:
Өте қызықты. Өзім елігіп кеттім. 101 беттен тұратын қолжазба. Авторы ең соңында датасын да қойды. 1959 жылдың 20 қаңтары.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА