Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО жиһаз жасайтын кәсіпорындар шикізаттың 90 пайызын Ресейден әкеледі

  • AstanaTV
  • 28 мамыр 2015
  • 1426

Бүгін Өскменде ағаш өңдеу кәсіпорындарының келешегі сөз болды. Оған орманшылар да келді. Жиналғандар арзан шикізатты өндіруден бас тартып, дайын өнімге көшетін кез келді дейді. Ал шын мәнінде жағдай мүшкіл. Дегенмен, біздің тілшілеріміз ағаш өңдеу кәсіпорындарының қаңырап қалғанын, ал жиһаз жасайтын кәсіпорындар шикізатты шетелден таситынына көз жеткізді.

Бұл жердің иесіз қалғанын қираған қоршауына қарап білуге болады. Бір кездері Қазақстан бойынша қуатты кәсіпорын саналған мекеме ахуалы қазір аянышты күйде. Сөзге сараң күзетшілердің бірі кәсіпорынның тарап кеткендігін жеткізді. Станоктар тоқтап, фабрика қаңырап тұр.

- Руководство фабрики можно увидеть? - Ну, директор бывает иногда. - А работники? Никого нет? -Да. - И цеха закрыты? -Да. С ноября уже стоит предприятие.

Ағаш өнімдерін шығаратын басқа кәсіпорындарда да осыған ұқсас жағдай. Жиһаз шығарушылар шикізатқа сұраныстың жоғары екендігін айтады. Осы саланың қыры мен сырын меңгеріп, он жыл тер төккен Оксана Балуева елімізде жасалған шикізатты қуана-қуана сатып алатындығын жасырмайды. Бірақ шкаф, орындық пен кереует секілді үй жабдықтарына қажет материалдың барлығы шетелден әкелінеді.

Оксана Балуева, жиһаз фирмасының басшысы:

Бізге қажетті шикізаттың кем дегенде 90% сырттан әкелінеді. Өйткені шетелден алдыртқан арзанға шығады. Шикізаттың алуан түрін қалауымызша таңдай аламыз. Әсіресе Ресейден келетін өнімнің сапасы жақсы.


Мұндай мүшкіл халге түскен ағаш өңдеу кәсіпорындары нарықтағы бәсекеде ұтылып отыр. Өйткені ескірген технологиямен жасалған тақтайдан жақсы жиһаз жасап шығару мүмкін емес екенін айтты. Алайда, мұнымен келіспеген олар экспортқа салынған тыйымды алып тастау керек дейді.

Владимир Рязанов, ШҚО ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының директоры:

Қазір тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысына жан бітіру керек. Бұл үшін ағаш өнімдерін сыртқа шығаруға салынған тыйымның күшін жойған дұрыс. Егер уәжіміз өтсе, бұл іске кірісуге дайынбыз.

Тығырықтан шығар жол іздеген жергілікті билік өкілдері бұған қарсы пікір айтуда. Бұл үшін елдің ішкі нарығын толық зерттеу керек. Әлбетте, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің нарығы да ескерілгені дұрыс. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар жылына 128 миллион шаршы метр ағаш дайындай алады екен. Бірақ бұл ретте тауардың қай түріне сұраныс жоғары екендігін анықтау керек. Осыдан кейін ғана өндіріске инвестициялар құйылмақ.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Алдымен нарықты зерттеп, содан кейін ғана іске кірісудің орнына, сіздер әлде біреулердің мүддесін қорғап, орманды аяусыз отауға дайын екендіктеріңізді көрсеттіңіздер. Бұған жол берілмейді. Шығыстағы орманның 70% еліміздің ағаш өнеркәсібінің негізін қалайды. Сондықтан бұл мәселені жіті зерттеп, нақты ұсыныстарды дайындап, содан кейін ғана үкіметке ұсынуға болады.

Енді екі аптадан кейін ағаш өңдеушілер мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен жасақталған жұмыс тобы нарықты зерттеуге кіріседі. Ал, әзірге стратегиялық ресустардың бірі - орман - оталып, қолынан келгендері саудалап жатыр.


Ирина ЯКУНИНА Еркін КАРИН