Атырауда сирек көне кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. Араларында бір жарым ғасыр бұрын баспадан шыққан кітаптар бар. Мысалы, «Шахнаманың» Атырау облысында сақталған жалғыз нұсқасы бар. Көрмеден сондай-ақ Ахмет Байтұрсыновтың 1914 жылы Орынборда жарық көрген төте жазумен жазылған «Қазақша алфавиті» кітабын көруге болады. Көпшілікті қызықтырған - 1952 жылы баспадан шыққан 65 мың сөзден тұратын орысша-қытайша сөздік, сондай-ақ қалта кітаптары да бар.
Көрмеге университет қорында және Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада сақталған ең көне жүзге жуық кітап қойылды. Ішіндегі ең ауыр кітап 5 келі тартады. Ол 19 ғасырда славян тілінде басылған. Мұқабасы теріден жасалғандықтан, бүгінге дейін жақсы сақталған, - дейді кітапхана директоры.
Ақмарал Дәуітқұлова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғылыми кітапханасының директоры:
Ол кітаптың мұқабасы қойдың терісінен жасалған деген болжам бар. Бұл кітаптың электронды нұсқасын жасадық. Өйткені кітаптар ұстай берген сайын, ескіріп, тозып, үгітіле береді. Сондықтан осы күні 20-ға жуық электронды нұсқасы бар. Студенттер мен ғалымдарға өте керемет дерек көзі болып табылады.
Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ