Бүгін Қызылордада құрама жем зауыты алғашқы өнімін шығарды. Жылына отыз мың тонна өнім өңдіретін зауыт-алпауыт - агроиндустриалды кешеннің бір бөлігі ғана. Мұнда өнімнің түйнектелген және толық араластырылған екі түрі өндіріледі. Неміс қондырғыларымен жабдықталған кәсіпорынға қажетті шикізатты - күрішті, бидайды, жүгеріні және күнбағысты - жергілікті шаруашылықтар өсіреді. Ал құнары жоғары мал азығының бір келісі елу теңгеге бағаланбақ.
Сондай-ақ, күріш өңдеу зауыты да іске қосылды. Ол тәулігіне 150 тонна күріш шығармақ. Екі зауытты қосқан үлкен агрокешеннің құрылысы мен жабдықталуына 375 миллион теңге жұмсалған. Оның 51 пайызын "Жан-Арай" компаниясы салса, қалғанын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бөлген. Өндіріс ошағына «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы инфрақұрылым тегін жеткізіліп беріліпті.
Арман Евниев, ҚР АШМ жауапты хатшысы:
Әлемдегі алғашқы технологиялармен салынған зауыттар, жобалар. Сондықтан қаншама жұмыс орындары ашылып отыр. Бір зауытта - 60 орын, екінші зауытта - 50 орын. Ол тек қана мынау кластердің бастамаса болып отыр. Ол өзінің артынан қаншама тауар өндірушілерді тартады, қаншама шикізат шығарылады, оның барлығын нарыққа шығару керек. Оған мамандар керек, оған техника керек. Соның барлығы кластерлік методикамен келіп, осыған үлкен экономикалық талдау ең әуелі жүргізілген.
Үлкен кешенде жақында тағы ұн диірмені мен макарон фабрикасы іске қосылмақ. Жалпы, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев, Сыр өңірі өңдеу өнеркәсібін дамытуға үлкен мән беріп отырғанын, атап өтті.
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
Қызылорда облысында өңдірістің негізгі көлемі мұнай-газ бен уранға байланысты еді, қазір енді мұнай-газды есептемегенде, өңдеу өнеркәсібі соңғы екі жылда облыс бойынша 82 пайызға өсті. Ал биылғы жылдың төрт айында 24,7 пайызға. Республикада бұл көрсеткіш - 0,4 пайыз.
Шарипа САҚТАПОВА