Оралда алимент төлемеген әйелдер көбеюде

  • AstanaTV
  • 11 ақпан 2016
  • 2094

Оралда балаларына алимент төлемейтін әйелдер жыл санап көбейіп келеді. БҚО Әділет департаментінің дерегінше, бүгінде олардың қатары 300-ден асқан. Негізінен 14 пен 50 жас аралығындағы борышкерлердің басым бөлігі маскүнемдікке салынған. Сондықтан оларды әкімшілік немесе құқықтық жауапкершілікке тартып, тәртіпке шақыру да мүмкін болмай отыр, дейді департамент өкілдері. Сондай-ақ олардың дені ата-аналық құқынан айрылыпты. Сүрініп кетіп, түзеле алмай жүрген тағдыр иелері туралы келесі бейнематериалда.

Әсел мен Айшаны бала кезінде анасы жетімдер үйіне тапсырған. Кейін қыздар өз алдына бір-бір баспанаға ие болғанда аналары қайтып келген. Есейген қыздардың тағдыры аналарына ұқсас. Тұрақты некелері жоқ. Дегенмен, Айшаның да, Әселдің де балалары бар. Былтыр тамызда Әсел аналық құқығынан айрылып, 1 жарым жастағы баласын білім бөлімінің талап арызы негізінде жетімдер үйіне өткізіпті, алайда жас ананың өзін жолықтырудың сәті түспеді.

Айша Жарылғасынова, Орал қаласының тұрғыны:

Әсел бір жерге шаруасымен кетіп қалған. Өзім жұмыстамын, жалданып еден жуамын, сосын бала бағамын. Мұнда өзіміз тұрамыз. Сіңлім өз жолдасымен тұрады, басқа ешкім жоқ.

Заң талабына сай, Әсел орташа жалақысының 25 пайызын алимент ретінде үкіметке төлеуі тиіс. Сот орындаушыларының дерегінше, бүгінде оның 230 мың теңге берешегі бар. Ал 2014 жылы аналық құқығынан айрылған Қарлығаш болса, 320 мың теңге берешегінің 20 мың теңгесін бүгін төледі. Бұған дейін жұмыссыз жүргендіктен, қарызы қордаланғанын айтады. 15 жыл бұрын күйеуінен ажырасып, күнкөріс қиындағасын, 4 баласын уақытша жетімдер үйіне өткізеді. Алайда балаларын қайын апасы бауырына басып, анасының көруіне тиым салған. 

Қарлығаш, Орал қаласының тұрғыны:

Бірінші күйеуімнен ажырасқаннан кейін мені де, оны да ата-аналық құқымыздан айырып тастады. Қазір тұрмысқа шыққам, күйеуім жақсы, өзіме көмектеседі. Енді келешекте балаларымды қайтарып алғым келеді.

Өкініштісі сол, алимент төлемейтін әйелдерді жазаға тартып, тәртіпке шақыру мүмкін болмай тұр. 

Жангүл Айтқожақова, мемлекеттік сот орындаушысы:

Еш жерде жұмыста жоқ, аттарында ешқандай мүліктері жоқ. Тұрақты мекенжайлары жоқ. Мекенжайларын жиі ауыстырады және олармен жұмыс істеу біздерге өте қиын. Тіпті бес күнге отырып шықса да, 1662 тг мемлекеттік бажды төлейтін жағдайы жоқ. Оның қасында ай сайын 25 мың тг алиментті төлеуге мүлдем шамалары жетпейді.

Алимент төлемейтін аналардың көбейіп келе жатқанына жергілікті Әділет департаменті мамандары да алаңдаулы. Олар әсіресе 14-15 жастағы қыз балалардың сәбиді күн көру үшін пайданалатынын айтып отыр.

Светлана Фигловская, БҚО Әділет департаментінің бөлім басшысы:

Алимент төлемейтін аналардың ең жасы 14-15 жаста. Ал ана болу үшін ешқандай тыйым жоқ. Сондықтан ол баланы жыл сайын өмірге әкеледі. 1 жасқа дейін олар баланың қасында болуға тырысады. 1 жастан кейін балаларға мемлекет ештеңе төлемегесін, тастап кетеді.

Аталған департаменттің дерегінше, сүрініп кетіп түзеле алмай жүрген аналардың арасында 50-ді еңсергендер де баршылық. Жалпы, облыс бойынша аталған департамент үш жүзден аса анадан алимент өндіре алмай отыр. Психолог мамандар, бұған ата-аналардың бала тәрбиесіне бей-жай қарауы себеп, дегенді айтады. 

Раиса Байғалиева, психолог:

Бізде қыз баланы жастайынан бағынуға міндеттісің деп өсіреді. Қыз өскесін күйеуге шығуға, бала табуға міндетті, қала берді күйеуін тыңдап, бағынуы тиіс. Осылайша, олардың иығына жүк артып қоямыз. Мұндайда олардың отбасылық ғұмыры ұзаққа созылмайды.

Сот орындаушыларының дерегінше, алимент төлемейтін әйелдердің саны бүгінде 300-ден асқан. Әрі олардың қатары жыл сайын шамамен 10 пайызға көбеюде.  

Еркін КАРИН