АҚШ-тағы Сібір жарасының таралу оқиғасына адами фактордың әсері жоқ. Бұл туралы Құрама штаттар құрлық әскери штабының басшысы Рэймонд Одиерно мәлімдеді. Оның айтуынша, Сібір жарасы қоздырғыштарын заласыздандыру кезіндегі техникалық ақау болып, қателік кеткен. Қазір АҚШ-тың аурулардың алдын алу және бақылау орталығының мамандары келеңсіз оқиғаның салдарын жоюмен айналысуда екен. Еске салсақ, жуырда АҚШ әскерилері абайсызда Сібір жарасының үлгілерін елдің 9 зертханасына және Оңтүстік Кореяға жібергені белгілі болды. Әзірге ауруды жұқтырған адамдар туралы ақпарат жоқ. Осы оқиғадан кейін Америкадағы маңызды мекемелерде жаппай тексеріс басталған. Айта кетсек, осындай келеңсіз жағдай елде бірінші рет болып отырған жоқ. Өткен жылдың өзінде әскерилер Сібір жарасының үлгілерін қателікпен Атлантадағы әріптестеріне жіберген болатын.
Берік ХАСЕНОВ