«Жұлдызай» дәстүрлі фестивалінің екінші іріктеу кезеңі аяқталды

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2015
  • 1885

Астанада «BI-Жұлдызай» дәстүрлі фестивалінің екінші іріктеу кезеңі аяқталды. Қазақстанның 14 өңірі мен Астана және Алматы қалаларының арнайы мамандандырылған мектептерінің талантты оқушыларын елордада жинаған байқау алты ай ішінде Республика бойынша 300 қатысушыны іріктеді. Дәстүрлі фестиваль кей қатысушылары үшін үлкен сахнаға да жол салды. Ұйымдастырушылар адамның мүмкіндігі шектеулі болғанымен, шын талантта шек болмайды дейді. Алты айлық қажырлы еңбектің шешуші кезеңі жақын. Республика бойынша ерекше балалардың талантын танып, жұлдызын жағатын дәстүрлі «Жұлдызай» байқауы өзінің шешуші кезеңіне таяды. Өмірде ұяң жеткіншектер сахнаға шыққанда ашылып, жарқырай түседі. Биылғы байқау алты номинация бойынша өтуде. Вокал, ыммен ән айту, би, аспапты музыка, сурет және қолданбалы өнер.

Гүлхан Исабаева, «BI-Жұлдызай» қорының директоры:

Жеңімпаздардың барлығы құнды сыйлықтармен марапатталады. Ал гран-при қорытындысы бойынша халықаралық байқауларға шығамыз. Өткен жылы Түркияда болдық, оған дейін Санк-Петерборға барғанбыз. Ұйымдастырушылармен байланыста болып, байқаулардан қалмауға тырысамыз.

Адам мүмкіндігі шектеулі болғанымен, тума талантта шек жоқ дейді Алтынбек Рахметов. Табыстың таланттан бұрын, 99 пайыз еңбекпен келетінін білетін продюссер, бұл балалардың отандық өнер жұлдыздарына көрсетер өнегесі барын айтады.

Алтынбек Рахметов, «BI-Жұлдызай» фестивалінің қоюшы режиссері:

Өмірге деген талпынысы, өмірге деген сүйіспеншілігі бұл балаларда екі есе, үш есе, он есе көп деп айтуға болады. Сондықтан өте қиын, өйткені өздері мүмкіндіктері шектеулі болса да, таланттары шексіз.

Таланттың шексіздігін дәлелдегендер қатарында - «СӘТ» триосы бар. Халықты терең мәнді, әсем әндерімен тебіренткен үштік те дәл осы, «Жұлдызай» байқауынан үлкен сахнаға жол тартты. Ақтаудан келген жас биші Радмила, фестивальдің ең басты жүлдесі - жаңа достар, естен кетпес әсер дейді. Десе де, жеңістен үмітті.

Радмила Нұрғазиева, фестиваль қатысушысы:

Достар көп таптым. Бірінші орынға мұқият дайындаламыз. Қатты қиын болса да біз оған шыдап, кәдімгідей билейміз.

Фестивальдің қорытынды концерті бірінші маусым - балалар күні Астанадағы «Қазақстан» орталық концерттік залының үлкен сахнасында өтеді. Онда жас өнерпаздар отандық эстраданың танымал әншілерімен қатар ән салып, би билейді. Гала концертке ресейлік жұлдыз Диана Гурцкаяның келуі де, өнерде өмірдегі кедергі-шектің жоқтығының тағы бір дәлелі.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ