Алматыда қазақтан шыққан талантты айтыскер ақын Оразалы Досбосыновты еске алу кеші өтті. Студенттер сарайы екі күн бойы Оразалының өнерін бағалайтын жұртқа лық толды. Кешті талант иесінің артында қалған ұлы мен қызы ашты. Олар да әке мен ана жолын қуған өнер иелері. Оразалы Досбосынов Хантәңірінің етегіндегі аядай ауылда туып өсіп, суырып салмалық талантымен жыр сүйер қауымды тәнті еткен ақын. Небір дүл-дүл айтыстарда топ жарды. Алайда оның өмірі тым қысқа болды. Ол Алматы облысында 28 жасында көлік апатынан қайтыс болды. Ақын тірі болғанда биыл 40 жасқа толар еді. «Құлмамбеттің құлынымын» деп аталатын сазды-әдеби кешті оның достары мен өнерін бағалайтын жанашырлары ұйымдастырған. Алғашқы күні еске алу кеші өтсе, екінші күні бірнеше жұптан тұратын ақындар айтысы ұйымдастырылды. Өнер сайысы 6 сағатқа созылды.
Жүрсін Ерман, ақын, М. Мақатаев сыйлығының иегері:
Оразалы өзі осындай құрметке лайық адам. Ол айтыс өнерінде өзінің қолтаңбасы қалған өте таланты ақын. Құлманбеттің құлыны деп атап кетті оны. Өзі де солай айтатын. Оның даралығы қашанда білініп тұрушы еді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ