Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада «Балалықтың бойтұмары» атты концерт өтті

  • AstanaTV
  • 01 маусым 2015
  • 1505

Бүгін халықаралық балаларды қорғау күні. Жаздың алғашқы күні Астанада түрлі мерекелік шаралар өтуде. Солардың бірі «Балалықтың бойтұмары» атты ойын-сауық бағдарламасы. Конгресс Холл сарайында өткен шараны Астана қаласының әкімдігі, қалалық Білім басқармасының қолдауымен Оқушылар сарайының қызметкерлері ұйымдастырды. Концертке барлығы 700-ден астам бүлдіршін қатысты. Оқушылар сарайының түрлі үйірмелеріне қатысып жүрген балалар, оқып-үйренгендерін көрермен назарына ұсынды. Өнер, білім, ғылым, сурет, вокал, спорт, дизайн, би, робот техникасы салаларын жетік меңгергендерін аңғарта білді. Сондай-ақ, мерекелік шара барысында қолөнер бұйымдарының көрмесі де өткізілді. Мұнда жас ғалымдардың қолынан шыққан әтір мен бальзамдар, қылқалам туындылары қойылған.

Эльмира Суханбердиева, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:

Бүгінгі концерттің біз үшін маңызы зор. Өйткені қаламыздың бүлдіршіндері, оқушылар сарайының тәрбиеленушілер 3 жыл ішінде үйренген өнерлерін паш етіп отыр. Қорытынды кеш десек те болады. Көрермендердің қатарында көбінесе ата-аналар бар. Сондай-ақ, білім министрлігінің өкілдері, қосымша білім беру саласының қызметкерлері де бар. Бүгін біз еңбегіміздің жемісін көріп отырмыз.

Бекзат Қадырбеков, Вокалды ансамбль мүшесі:

Бір де бір рет жаңылыспай, жақсы өнер көрсете білдік. Сондықтан көңіл күйіміз тамаша!

Бронислав Буганис, Оқушылар сарайының «Ерте музыкалық дамыту» үйірмесінің жетекшісі:

Мен тәрбиеленушілеріммен бірге сахнаға шықтым. Олардың жас шамалары 4 пен 6 жас арасында. Балақайлармен бірге мен де өзімді сергек сезінемін. 2 маусым күні мен 50 толамын, бірақ өзімді әлдеқайда жас сезінемін.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА