Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев онлайн-конференция барысында орталық банк жүргізіп отырған монетарлық саясаттың басым бағыттары жөнінде баяндады. Төраға сондай-ақ жақын арада теңгенің айырбас бағамы айтарлықтай өзгермейтінін мәлімдеді. Төл валютаның айырбас құны мұнай бағасы мен Ресей рублінің құбылуына тәуелді. Бұл тәуекелдер бойынша ең жағымсыз болжамдар орындалып қойды, - деді Ақышев.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
Сондықтан Ұлттық Банк негізгі трендтің қалыптасуына араласпайды. Интервенцияларға, тек айырбас бағамы тұрақсыздыққа апаратындай өзгерістерге ұшыраса ғана, жол беріледі.
Бас банкирдің айтуынша, наурыз айында банк секторындағы базалық үстемақының өзгертілуі бойынша кезекті шешім жарияланады. Дегенмен жақын арада реттеуді қатаңдату жоспары жоқ.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық Банк төрағасы:
Базалық үстемақыны өзгерту бойынша шешімді Ұлттық Банк, сыртқы экономикалық, макроэкономикалық жағдайларды, қаржылық және валюталық нарықты сараптай отырып, қабылдайды. Осы көрсеткіштер бойынша банк қысқа мерзімде керекті инфляция деңгейін беретін базалық үстемақы көлемін бекітеді.