Русский Сайттың толық нұсқасы

АҚШ Қазақстан азаматтарына берілетін 5 жылдық виза мерзімін 10 жылға дейін ұзартуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2015
  • 1904

Америка Құрама Штаттары Қазақстан азаматтарына берілетін 5 жылдық виза мерзімін 10 жылға дейін ұзартуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Астанада басталған Қазақстан-АҚШ халықаралық бизнес форумы барысында Американың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол мәлімдеді. Ол шешімнің жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін екенін айтады. Еске салайық, екі ел арасындағы 5 жылдық виза туралы келісім 2013 жылы жасалған-ды. Құрама Штаттары Орталық Азия мемлекеттерінің арасынан бес жылдық визаны алғаш рет  Қазақстанға ұсынып отыр. Джордж Кролдың сөзінше, виза мерзімін екі есеге ұлғайту қос мемлекетке де тиімді болмақ.

Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:

Иә, бұл біздің қалауымыз. Виза берудің бүгінгі 5 жылдық тәртібін сақтап қана қоймай, оны 10 жылға дейін ұзарту екі ел үшін де тиімді болар еді. Қазір бұл бастама шетел азаматтарына виза беру мәселесін қарастыратын Вашингтондағы мемлекеттік департаменттің қарауында. Жыл соңына дейін оң шешім қабылданады деп үміттенеміз. Біз елшілік тарапынан шешімнің барынша тез қабылдануын көздейміз.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ