Отандық шаруалар сырт елдердің банктерінен несие алуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 12 ақпан 2016
  • 1738

Отандық фермерлер сырт елдердегі қаржы орталықтарынан несие алуға мәжбүр. Себебі агроөнеркәсіп кешенін дамытуға Үкіметтен бөлінетін қаржыны банктер шаруаларға үлестіруге құлықсыз. Мәселен, былтыр бұл салаға қаралған 317 млрд теңгенің 2 пайызы ғана шаруа қожалықтарының үлесіне тиген. Ақшаның  қайда кетіп жатқанын «ҚазАгро» холдингі өкілдері де ашып айтпады. Егер іс бұлай жалғаса берсе, шаруалар өзге елдің банктерінен несие алуға да бармақ. Бүгін Астанада осы сынды бірқатар мәселелер көтерілген «Қазақстан фермерлер одағының» съезі болып өтті.

Астанада басталған фермерлердің кезекті съезіне 300-ден астам шаруа келген. Ауқымды жиынның бел ортасында Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков те бар. Тек бас диқан бұл жолы - тыңдаушы. Ара-тұра өзі түсінбеген жәйттерді сұрап қана отыр.

- 2 тонны зерна, 1 тонна ГСМ. - Нет, тонна ГСМ на 2 тонны зерна. - А кто устанавливает пропорцию?

Министрге шауралардың айтары көп. Жер салығы бойынша салық кодексіне енгізілген өзгертулердің қиындығынан бастап, жекешелендіру, отандық экспорттың салмағы, Дүниежүзілік сауда ұйымындағы қазақ өндірушілерінің үлесі де сөз болды. Ал фермерлерді бәрінен де қатты алаңдататыны - агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінетін мемлекет қаржысының жайы. Қазынадан қаралған қомақты қаржы, сонау түкпірдегі ауылда жүрген шаруаға жеткенше, құмға сіңген судай жоғалады. Үкіметтің «ҚазАгро» холдингі арқылы шаруаларға берілсін деп бөлген ақшасын екінші деңгейлі банктер толық үлестіруге құлықсыз. Дағдарыстың да біраз салмақ салатын түрі бар. 

Әуезхан Дарынов, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ президенті:

Мына бөлшектердің, гербицидтің бағасы былтырға қарағанда екі есеге өсіп жатыр. Сол қиындыққа соғады. Қалай соғады? Мысалы, ол былтыр бүкіл 1 мың гектарына у алса, арам шөпке. Биыл енді 50 пайызына ғана у алады. Оның аяғы алуын, яғни кірісін азайтады.

«Қазақстан фермерлер одағының» президенті былтыр агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген 300 миллиардтан астам теңгенің 2 пайызы ғана шаруаларға тигенін айтады. Бұл шамамен 500 млн теңге. Оның өзіне қаншама күрестің арқасында қол жеткен. Ал «ҚазАгро» өкілі: «Банк тарапынан қаржылық есептің жасалмау себебін айта алмаймыз, бұған коммерциялық құпиялық заңы мүмкіндік бермейді», - деп ақталды. 

Айгүл Мұхамадиева, «ҚазАгро» холдингінің басқарушы директоры:

Біздің еншілес компаниялар екінші деңгейлі банк лицензиясына ие. Сондықтан олар да ортақ заңға бағынуы тиіс. Яғни коммерциялық және банк құпиялығын сақтауға. Клиент туралы ақпараттар да ашық түрде жасалмайды. Ал мемлекеттен алған әрбір тиын үшін жауап береміз. Есеп комитеті де жыл сайын тексеру жүргізеді.

Қысқасы, шаруалар, Үкіметтің қолдауы бізге кедергісіз жетсе, дейді. Ең болмағанда, екінші деңгейлі банктердің үстемдігі тыйылса деген тілегі бар.

Әуезхан Дарынов, «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ президенті:

Шаруа қожалықтары қанша аламын дейді, қалай аламын дейді, соның көзін қарайық. Мысалы, банктер қарамайды шаруақожалықтарына. Біз кооператив құрып, сосын «ҚазАгро»-ға айтайық деп отырмыз. «Банктермен сіз сөйлесіңіз» деп. Бізбен олар сөйлеспейді, менсінбейді. Ал «ҚазАгроны» ол тыңдайды. 

Фермерлер, егер іс бұлай жалғаса берсе, сырт елдердің банктерінен несие алуға дейін бармақ. Ол үшін кооперация да құрылып жатқан көрінеді. Бүгінде ауыл шаруашылығына қажетті техниканың 70 пайызының тозығы жеткен. Алайда оларды жаңасына алмастыруға сол баяғы қаржының жоқтығы қолбайлау. 

Құралай ПИОНЕР