Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші күні қазақстандық түлектерден 4 мыңға жуық «шпаргалка» және 8 мыңдай тыйым салынған заттар алынды. Білім және ғылым министрлігі ақпаратынша, түлектерден: 3727 -ұялы телефон, 3894 – «шпаргалка», 83 - калькулятор, 3 - фотоаппарат, 5 - рация, 12 - роутер және 1 - модем тәркіленген. Жалпы түлектер сынақ залына бас аяғы 7725 тыйым салынған затты алып кіруге әрекеттенген. Сондай-ақ, ҰБТ кезінде аудиториядан 27 түлек шығарылды. Жалпы сынақтың бірінші күні 48 пунктте ұйымдастырылды. Онда 18 889 түлек тест тапсырды. 3478 түлек 50 баллдық деңгейді еңсере алмады. Бұл барша түлектердің 18,4 пайызы. Өткен жылмен салыстырғанда, алғашқы күні мектеп бітірушілердің 23,8 пайызы тиісті балл жинай алмаған. Ал ең жоғары көрсеткіш - 125 баллды - Тараз қаласындағы №45 қазақ гимназиясының түлегі Гүлназ Ердосова жинады. Ел бойынша 3409 мектеп бітіруші жүзден астам балл жинаған. Еске салсақ, Ұлттық бірыңғай тестілеу маусымның сегізіне дейін жалғасады. Емтиханға қатысуға ел бойынша 87 782 оқушы ниет білдірді. Бұл түлектердің - 71 пайызы.
Жұрағат БАМАН