Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облыстық білім бөлімінің қызметкерлері қаражатты жымқырды деп айыпталуда

  • AstanaTV
  • 08 маусым 2015
  • 1587

Қарағанды облысы білім бөлімінің қызметкерлері «қаражат жымқырды» деп айыпталуда. Бұл жайында арнамызға облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бөлім жетекшісі Дидар Смағұлов айтты. Оның дерегінше, Нұра ауданында түрлі мемлекеттік мекемелердің бірнеше басшылары, соның ішінде білім бөлімінің бастығы 2007 жылдан бері кешкі мектептің оқытушылары ретінде тіркеліп келген. Олар сегіз жыл бойы уақытылы орта білім ала алмай қалғандарды сырттай оқытып келген-міс. Жыл сайын сынақ өткізіліп, түлектерге тиісті аттестат та берілген. Яғни оқытушылар бұл жөнінде жоғарыға есеп беруді де ұмытпапты.

Алайда сотқа дейінгі тергеу барысында құжаттардың қолдан жасалғаны, яғни жалған екендігі анықталды. Педагогтар жалақыны заңсыз алып келген. «Олардың бұл әрекетінен мемлекетке келтірілген шығынның жалпы сомасы он миллион теңгеден асады», -дейді аталған департаменттің бөлім жетекшісі Дидар Смағұлов. Қазіргі кезде пысықай оқытушыларға қатысты сот алды тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Дидар Смағұлов, Қарағанды облысы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бөлім басшысы:

Нөмірі бірінші Киев мектебінде 2007 жылдан оқыту-кеңес беру пункті жұмыс істеп келеді. Алайда мектеп жарғысында оның қандай негізде жұмыс істейтіні жазылмаған. Ондағы оқытушылардың аудандағы мемлекеттік мекемелердің, соның ішінде Нұра аудандық білім бөлімінің басшысы екені анықталды. Бұл адамдар ешқашан сабақ бермеген, сынақтар қабылдамаған. Бірақ ұзақ уақыт бойына еңбекақы алып келген. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Айгүл ЕРМАХАН