Кэмерон Британияның Еуропалық одақтан шығуын жақтаушыларға қатаң ультиматум қойды. «The Telegraph» басылымының ақпарынша, ағылшын премьері аталмыш идеяны қолдағандардың бәрі қызметтерінен босайтынын айтқан. Бұл ақпарды Ұлыбритания Үкіметі растап отыр. Бейресми деректерге сай, Еуроодақтан бөліну идеясын кем дегенде 5 британдық шенеунік қолдаған. Олардың арасында еңбек, сыртқы істер және әділет министрлері бар. Мамыр соңында Үкімет Ұлыбританияның одақтан бөлінуіне қатысты референдум өткізу туралы заң жобасын парламентке жолдаған. Референдумның басты сауалы: «Біріккен корольдік Еуропалық одаққа мүше болып қалуы керек пе?». Жалпы халықтық сауалнама 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін өткізілуі тиіс. Кэмеронның пікірінше, Еуроодақ реформаны қажет етеді. Десе де ол, Ұлыбританияның бұл Одақтан бөлінуіне негіз жоқ деген ойда. Айта кетейік, 27 мамырда Британия патшайымы Елизавета екінші сайлауда жеңіске жеткен Консервативті партия референдум өткізу туралы уәдесін орындайтынын мәлімдеген.
Жұрағат БАМАН