Астанада бесінші рухани форумның күн тәртібі пысықталды

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2015

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Астаналық диалогын жаңа деңгейге көтеру қажет. Бүгін астаналық бесінші рухани форумның күн тәртібін пысықтауға жиналған съезд хатшылығының қатысушылары осындай пікір білдірді. Сауд Арабия корольдігі Ислам істері министрінің кеңесшісі алғашқы съезден бері 12 жыл өткенімен, әлемді жайлаған діни экстремизм мәселесі әлі де шешемін таппай отыр дейді. Съезд хатшылығының 14-ші отырысынан әріптесім Азамат Алдоңғаров тікелей байланысқа шығуға дайын. Азамат, дінбасыларының дәстүрлі бесінші жиыны несімен ерекшеленеді?

Марат Алдоңғаров, тілші:

Дінбасылар съезі хатшылығының 14-ші отырысында Астаналық диалогтың мәні мен нәтижелілігі жаңа сапалық деңгейге көтерілуі тиіс деген пікір жиі айтылуда. Көптің алаңдаушылығы қазір тек Шығыс елдерін емес, әлемге қауіп төндіріп отырған Ислам мемлекеті діни радикалды қозғалысының ауқымымен байланысты болса керек. Сондықтан түрлі дін өкілдері адамзаттың ортақ рухани құндылықтарын қалыптастыру керек дейді. Оның нақты қадамдары кезекті бесінші съездің күн тәртібінде көрініс табуы тиіс. Бүгін сонымен қатар ертең өтетін съезд кеңесінің, хатшылықтың 15-ші отырысының күнтәртіптері де бекітілді.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі хатшылығының жетекшісі:

Діни және саяси лидерлерге халықтардың бейбіт өмір сүруі мен қауіпсіздігі жолында ерекше жауапкершілік артылады. Олар бірлесе әрекет ете отырып, мемлекеттер мен халықтар қауіпсіздігін, тұрақтылығын және ынтымақтастығын дамытуға ықпал ету мен бейбітшілік пен келісімнің үнін еселей түсетіні даусыз. Алдағы өтетін дінаралық саммит әлем үшін аса қажетті. Ізгі міндетті жүзеге асыру ісіне жаңаша серпін береді деп сенеміз.

Марат Алдоңғаров, тілші:

Дінбасыларының бесінші съезі ертең басталады. Оған Қазақстан басшысы мен БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун да қатысады деп жоспарлануда. Жалпы съезд делегаттары биылғы форумның қазіргі әлемдік процестер жағдайында өте актуалды, қажетті диалог алаңы екендігін айтуда.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ