Шымкентте оннан астам сәби сатылып кеткен

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2015

Шымкентте екі бірдей дәрігер «бала саудасы» үшін күдікті ретінде қамауға алынды. «Екеуі де облыстық перинаталдық орталық қызметкерлері», - деп мәлімдеді бүгін аймақтағы құзырлы орган өкілдері.  


Досымхан Әйтішев, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық прокурорының орынбасары:

Бала көтере алмаған кісілер басқа бір кісілер арқылы телефонын тауып бұған звондайды. Бұл босанғандардың нәрестелерін оған сатып отырады. Бұл жерде 200-300 мыңнан әр нәресте. Бұл істе екі дәрігермен шектеледі деп айтпаймын. Одан басқа сол қылмысқа қатысы бар адамдар анықталып жатыр.

Прокурорлардың дерегінше, тірі тауарға айналған нәрестелер перзентханада ғана сатылмапты. Дәрігерлер айы-күні жақындаған аналарды үйіне барып та босандырып, баланы саудалаған. Тергеу деректеріне сүйенсек, ұйымдасқандар 2012-2013 жылдар аралығында оннан астам нәрестенің өмірін саудаға салған. Шымкенттен бөлек Жамбыл және Қызылорда облыстарынан алушы табылғаны мәлім болыпты. Алдын ала сөз байласқандар жаңа туған сәбилердің құжаттарын да негізінен перзентханалар арқылы рәсімдеп отырыпты. Осы қылмыстарға қатысы бар деген екі дәрігер бұлтартпау шарасымен екі ай мерзімге қамауға алынғанын айтты прокурорлар. Ал, перинаталдық орталықтың заңгері бір ғана қызметкерін заң өкілдері алып кеткенін айтты. 

Айару Тасқараева, ОҚО №1 перинаталдық орталық заңгері:

Орталықтың неонатолог-дәрігері жұма күні ОҚО ІІД қызметкерлерімен алынып кетті. Бізге ешқандай мәлімет берілген жоқ, ауызша-жазбаша. Сұрау алуға шақыру қағазы негізінде алынып кетті. Одан кейін бізге ешқандай мәлімет келіп түскен жоқ. Бізге әлі ешқандай факт бізге келіп түскен жоқ бала сатуға қатысты. Біз ешнәрсе айта алмаймыз қазіргі күнге.

Айта кетейік, аталған жәйтке қатысты қазір үш бірдей бап бойынша, яғни «нәрестелерді сату, қылмыстық топ құру және жалған құжаттар жасау» дерегі бойынша қылмыстық істер қозғалған. Сотқа дейінгі алдын ала тергеу амалдары жүріп жатыр. 

АйзадаТӨРЕБЕКҚЫЗЫ