Қамауда отырған Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты Мейіржан Өндіргеновтің үйін және жұмыс орнын тексеру кезінде миллиондаған түрлі валюта табылған. Облыстық соттың шешімімен, депутаттың тексеру барысында анықталған қаражаты мен жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды. Бұл жайында соттың баспасөз хатшысы хабарлады.
Еске салсақ, Мейіржан Өндіргенов - облыстық маслихат депутаты, "Автопарк" ЖШС директоры. Ол 30 мамырда үлкен көлемде қаражат бопсалау дерегі бойынша 2 айға қамалған болатын. Оның үстінен ішкі істер органдарына бұрынғы әріптесі шағымданған. Депутаттың баспанасы мен жұмыс орнынан 141 миллион 875 мың 235 теңге, 6 миллион 248 мың 23 АҚШ доллары, 1 миллион 822 мың 505 еуро, 326 мың 300 рубль және Біріккен Араб Әмірліктерінің 220 дирхамы, 8 украин гривні тәркіленген. Тергеу бұл табылған ақшаның қандай жолмен келгендігін анықтамақ. Сонымен қатар, депутаттың облыс орталығындағы пәтері мен Шалқар қаласындағы жер учаскесі, қоғамдық-іскерлік мекемесіне тыйым салынды.
Гүлзия Мақсатқызы, Ақтөбе облыстық соты баспасөз хатшысы:
Бұл айыпталған күдікті аталған баптар бойынша сотталған уақытта, барлық ақша қаражаты мемлекеттің пайдасына тәркіленуі мүмкін.
Мансұр ЕСХОЖИН