Америка барлаушылары «Ислам мемлекетінің» кей қызметіне қанықты

  • AstanaTV
  • 09 маусым 2015

«Ислам мемлекеті» серкелері ұйымды басқаруда электронды құрылғыларды мейлінше аз қолданады. Есесіне,түрлі ақпарат жеткізуде әйелдердің көмегіне жүгінетін көрінеді. «Олардың бірнеше ноутбугі мен ұялы телефондарын қолға түсірген Америка барлаушылары осыған көз жеткізді», - деп жазды The New York Times.

Басылым келтірген дерекке сүйенсек, «Ислам мемлекеті» лидері Әбу Бәкір әл-Бағдади өзінің жүрген-тұрған орнын жасыру мақсатында электронды құрылғыларды әдейі қолданбайды екен. Әлбетте ұялы телефонның қызметін әйелдері де пайдаланбайды. Олар кез келген ақпарды тек ауызша жеткізуге машықтанған.

Радикалдарға қатысты видео, дыбыс жазбаларын, түрлі ақпаратты қорытқан барлаушылар, мұнан бөлек, қаржылық топтар туралы да көптеген ақпарат алды. Әсіресе бұл мұнай бизнесіне байланысты. «Қара алтын» саудасынан түскен табыстың жартысы «Ислам мемлекетінің» бюджетіне құйылады екен. Жартысы зауыттарға тиеді. Еске салайық, ИЛИМ - бүгінде ең бай әрі қарулы лаңкестік ұйым.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА