Русский Сайттың толық нұсқасы

Инвестиция тарту бойынша көшбасшы облыс анықталды

  • AstanaTV
  • 16 ақпан 2016
  • 1722

Елбасының ескертуінен кейін елшіліктер инвестор тарта бастады. Бұл туралы Инвестициялар және Даму министрлігі өкілдері хабарлады. Қазақстандық дипмиссия өкілдері нақты инвестициялық жобалармен жұмыс істеп жатыр. Ол Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Қытай, Иран, Түркия, Араб Әмірліктері мен Жапонияда іске асуда.

Ерлан Хайыров, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитет төрағасы:

Бүгін таңертең Польшадан келген компания өкілдерімен кездестім. Оларды біздің елшілік жіберген. Поляктар Қазақстанда екі көлік-логистикалық орталығын салуды қарастырады. Әр жоба бойынша инвестиция 10 млн долларды құрайды.

Естеріңізде болса, былтыр қараша айында өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында президент дипломаттардың жұмысын сынға алып, экономикаға инвесторларды тартуға шақырған. Қазіргі уақытта Қытаймен қарым-қатынас қарқын алған. Құны 24 млрд АҚШ валютасы болатын 52 жоба қолға алынған. Нәтижесінеде 19 мың жұмыс орны ашылмақ. Ал инвестиция тарту бойынша көшбасшы облыстар бар.

Алмас Айдаров, «KAZNEX INVEST» АҚ АЭА қызметі жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары:

Павлодар облысы көш басында. Жалпы соңғы жылдары тікелей шет елдік инвестиция 200 млрд АҚШ долларынан асты. Облыстар арасында осындай рейтинг құрастырылып отырады.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ