Мысырдың арнайы қызметі Каирдегі АҚШ елшілігінің қызметкерін тұтқындады. Ол террористік әрекеттерге қатысы бар деген күдікке ілінген. Бұл туралы Daily News Egypt басылымы хабарлады. Қамауға алынған 42 жастағы Ахмед Әли есімді адам Мысыр елінің азаматы және дипломатиялық миссияда күзетші болып істегені анықталған. Мысыр билігі оны террористік «Хелуан бригадасы» тобының басшысы ретінде танып отыр. Ахмед Әлиге 13 рет қарулы шабуыл ұйымдастырды, Каир маңындағы Хелуан соты маңында жарылыс жасады деген айып тағылуда. 2013 жылдың жазында ел президенті Мұхаммед Мурси биліктен аластатылған соң, Мысырда радикалды ислам қозғалысы жандана түскен. Ал, Мурси тыйым салынған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының белді өкілі болатын.
Берік ХАСЕНОВ