Таразда 32 жастағы келіншекті велосипедпен қағып өлтірген күдікті өз еркімен полицияға келді. 19 жастағы бойжеткен колледждердің бірінде оқитын Жамбыл ауданының тұрғыны болып шықты. Студент оқиға орнынан қашпағанын айтады. Ол жедел жәрдем келісімен әрі жәбірленушінің туыстары ешқандай кінә тақпағандықтан, өз бетінше кетіп қалады. Оның үстіне өзі қаққан адамды өліп кетеді деп ойламапты. Оқиғаның қайғылы аяқталғанын тек теледидар жаңалықтары арқылы білген. Содан болған жайды отбасы мүшелеріне айтып, полицияның алдына әкесімен бірге келіпті.
Еске салайық, кеше Таразға Астанадан қыдырып келген Сандуғаш Тұяқбаеваны белгісіз адам велосипедпен қағып кеткені туралы айтқан болатынбыз. Оқиға 6 маусымда кешкі уақытта Тараздың дәл орталығында болған. Марқұм отбасымен қыдырып жүргенде, жылдамдығы қатты велописед келіп соғады. Соққының ауыр болғаны сонша, әйел оқиға орнында ес-түссіз құлайды. Артынша ауруханаға жеткізіліп, ота жасалғанымен, науқас есін жимастан жантәсілім еткен. Ал келіншекті қағып кеткен қызды полицейлер тергеп жатыр.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
Осы оқиға туралы жаңалықтардан көрген 19 жастағы азаматша ІІБ өзі келіп, кінәсін толықтай мойындады.«Абайсызда қазаға ұшырату» бойынша іс қозғалды. Ол 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданылады. Қыз қазір тергеу абақтысында, бірақ содан кейін үйіне жіберілетін болады.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ