Өскемендік табиғат жанашырлары ретсіз күл-қоқыс экологиялық апатқа әкелуі ықтимал деп дабыл қақты. Арнайы рейд барысында олар қала маңынан 124 заңсыз қоқыс үйіндісін анықтаған. Басым бөлігі - құрылыс қалдықтары. Әзірге заң бұзушыларды құрықтау мүмкін болмай тұр. Сондықтан экологтар тұрғындардан көмек сұрайды. Қоқыс лақтырушыларды суретке түсіріп, тиісті жаза қолданбақ.
Вы только посмотрите, здесь и банки, и строительный мусор, и металл, и бутылки - и все это тянется на 10-ки метров.
Экологиялық қауіпсіздік орталығының өкілі Елена Полянцеваның айтуынша, өткен аптада ғана мына жердегі қоқыс алаңы жойылған. Алайда, араға бірер күн салып тұрмыстық қалдықтар қайта пайда болыпты.
Елена Полянцева, Өскемен қалалық экологиялық қауіпсіздік орталығының өкілі:
Құрылыс қалдықтары шіріп, жоғалмайды. Бізде мұндай қалдықтарға арналған полигон бар. Бағасы 3-5 мың теңгенің шамасында. Алайда, бәз біреуге бұл қымбат болып көрінеді. Сондықтан қоқысты көрінген жерге төгеді. Егер оның қожайыны табылса, ол қоқыс алаңын тазалауға міндетті немесе экология департаменті табиғатқа келтірілген залал үшін айыппұл тағайындайды. Ал бұл сома әлдеқайда көп.
Көрінген жерге күл-қоқыс төгетін пысықайларды қолға түсіру мүмкін болмай тұр. Көбіне үйінділер түнгі уақытта пайда болады. Сынған асфальт бөлігі мен бетон блоктарына қарап, оның қайдан келетінін түсіну қиын емес.
Станислав Каримов, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты:
Бір қызығы, елде шемішке шаққандар жауапқа тартылады. Алайда күл-қоқыс төгетіндер жазасыз жүр.
Тазалықты қорғау ісіне жергілікті тұрғындар да ат салысуда. Экологтар олардан көмек сұраған. Бар болғаны қоқыс төккен көліктерді суретке түсіру қажет. Кейін бұл фотолар табиғатты қорғау прокурорларына жіберілмек.
Бақытжан Ізғұттинов, ШҚО табиғатты қорғау прокуроры:
Семей қаласының Ертіс өзені жағалауында көптеген қоқыс алаңын анықтадық. Шаһар басшысы мен ішкі істер басқармасына қадағалау актісін жібердік. Өйткені бұл кішігірім бұзақылық болып саналады. Алайда қолданылған шара жағдайды реттемей отыр. Үйінділер күн санап артуда.
Заңға сәйкес, мұндай бұзақылыққа небары 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл тағайындалады. Алайда, тұрмыстық үйінділерден қоршаған ортаға келетін зиян ауқымды. Қоқыс қалаға тарап, жер асты сулары мен өзендерге құйылуда. Қалалық әкімдіктің ақпарынша, бүгінде 4 мың шаршы метр қалдықтың 65 шаршы метрі ғана шығарылған.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ