Павлодарлық шенеунік екі жыл бұрын тергеліп, жабылған іске қатысы бар деген күдікпен үш тәулікке қамалды. Анықталғандай, Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Асқар Бахралинов маусымның 15-нде тұтқындалған. Оған Қылмыстық кодекстің 242-бабы бойынша, яғни «жалған терроризм» үшін, айып тағылуда. Алайда Бахралинов кінәсін мойындамады. Бұл іс осыдан екі жыл бұрын сотта қаралып, оның шешімімен айыпты жазаға да тартылған. «Даулы іс» жайлы әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы тарқатады.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Маусымның 15-інде қамауға алынған Асқар Бахралинов бүгін бостандыққа шығуы мүмкін, егер айыпты жақ үкімге сәйкес, кепілдік ақыны төлеп үлгерсе. Соттың шешімімен кепіл мөлшері 1000 айлық-есептік көрсеткіш деп белгіленді, яғни 1 млн 982 мың теңге. Шенеуніктің жақындарының айтуынша, тиісті соманы жинап қана қоймай, банк арқылы аударып та қойған.
Гүлнәр Бахралинова, А.Бахралиновтың зайыбы:
Кепілді сома төленген жағдайда, оны босатуы керек. Асқар Сағадатұлы 16 шілдеге дейін үй қамағында болады. Одан кейінгі тағдыры не болатыны белгісіз. Босап шыққаннан кейін бұл жайтқа қатысты пікірін білерсіздер. Әзірге мен ештеңе айта алмаймын. Бірақ білерім - бұл қасақана жасалған, жала жабу.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Шенеунікке «жалған терроризм» айыбы тағылып отыр. Іс 2013 жылы болған оқиғаға қатысты. Екі жыл бұрын Павлодар облыстық прокуратурасы ғимаратына жарылғыш зат қойылды деген анонимді хат Бас прокуратураға түседі. Кейін бұл қылмысқа қатысты деген күдікпен Павлодар қаласының тұрғыны ұсталып, сотталады. Жазасын өтеп шыққан Алмаз Нұрбаев «құйтырқы әрекеттерге Бахралиновтың айдауымен барғанын» айтқан.
Светлана Ковлягина, А.Бахралиновтың қорғаушысы:
Нұрбаевтің өзі сотқа келген жоқ. Біз оны көзбе көз беттестіру кезінде ғана кездестірдік. Одан кейін көрген жоқпыз. Нұрбаев хаттарды менің қорғауымдағы азамат берді деп сендіреді және әрбір хат үшін 15 мың теңгеден төлеп отырғанын айтты.
Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:
Гүлнәр Бахралинова, кепілді өтегендігін растайтын түбіртекті бүгін күні бойы жүріп, сотқа тапсыра алмағанын, телефон арқылы хабарлады. Айтуынша, істі жүргізген тергеуші ізім-ғайым жоқ болған. Ал оқиғаға қатысты облыстық прокуратура қандайда бір мәлімдеме жасаудан бас тартты.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ