Елорданың саяжай бірлестіктері электр қуатын тасымалдаушы Астана РЭК ұйымына 250 млн теңге қарыз. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасының орынбасары айтты. Сондықтан Астана РЭК борышкерлермен ауқымды күрес бастады. Бүгін 50 млн теңгеден астам қарызы бар «Газовик» және «Почтовик» саяжайларының тұрғындары жарықсыз қалды. Алдағы уақытта борышы бар тағы төрт саяжай бірлестігі де электр қуатынан қағылмақ.
Асқар Сыздықов, Астана РЭК АҚ басқарма төрағасының тарату бойынша орынбасары:
Олай істемесек, халық ақша жинамайды. Алматы ауданы бойынша 145 млн теңге қарыз. Екі саяжай, біреуі - 25 млн, екіншісі 26 млн тг қарыз.
Бір ғана Алматы ауданындағы саяжайлардың жалпы қарызы 145 млн теңгеден асады, - дейді Астана РЭК өкілдері. Саяжай бірлестігінің басшылығы бұл қарызды мойындайды. Бірақ борышкерлермен күресуден шаршаған. Электр қуатын жаппай өшірмей, тек қарызы бар үйлерді ғана қиса, көк тиын шығармайтын тұрғындар жарықты көршісінің желісінен ұрлап, заңсыз қосып алады екен. Кезінде саяжай болған аумақ бүгінде бүтін бір ауылға айналған. Мұнда адамдар тұрғылықты өмір сүріп жатыр. Астана РЭК бұл бақшалық жер болғандықтан, адамдардың жыл он екі ай тұруына құқы жоқ дегенді айтады. Бірақ халық құжаттарымыз дұрыс дейді. Және саяжайдың жартысы берешек болса, неге бәрі зардар шегуі тиіс деп, түсінбей отыр.
Ульяна Громова, «Газовик» саяжай бірлестігінің төрайымы:
Мұнда 70 үй бар. Жарықтың ақшасын тең жартысы төлемейді. 30 пайызы ұрлап қосылып отыр. Ол тоқ желілері қауіпті, созсаңыз, қолыңыз жетеді. Полиция да шақырамыз. Бірақ олар шара қолданбайды. Жағдай әсіресе қыстыкүні күрделене түседі. Адамдар электр жылытқыштарын көптеп қосады. Ал қыста олар бұл жерде мүлде тұрмауы керек.
Жұмагүл Жұмабаева, « Газовик» саяжай бірлестігінің тұрғыны:
Не үшін сөндіргенін түсініп жатқан жоқпыз. Екі баламен біз қалай жарықсыз өмір сүреміз. Білген де жоқпыз, ешкім ескерткен де жоқ. Қарыз жоқ. Бәрін төлейміз.
Айгүл ӘДЕПБАЙ