Қарағанды балабақшалары сәбилерді мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен тамақтандырған

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2015
  • 1404

Балабақшадағы бассыздық. Қарағандының Октябрь ауданындағы 20-ға жуық балабақша мен мектеп балаларды қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен тамақтандырған. Ол аз десеңіз, балғындарды мерзімі бір жыл бұрын аяқталған дәрілермен емдепті. Мұндай өрескел заңсыздық прокурорлық тексеру барысында анықталып отыр.

Тексеру кезінде аталған мекемелерден сақтау және қолдану мерзімі өтіп кеткен сүт, май, макарон өнімдері мен дәмдеуіштердің 250 түрі тәркіленген. "Мерзімі өткен тағамдар қоймада сақталып, одан бүлдіршіндерге күнделікті ас дайындалып отырған", - дейді  құзырлы орган басшылары. Прокурорлық тексеріс кезінде қолдану уақыты аяқталған 40-қа жуық дәрі-дәрмек те табылды. Яғни әлдеқашан тасталуы тиіс тұмау, тамақ ауруларына қарсы жақпамайлар мен таблеткалар бүгінгі күнге дейін науқас балаларға беріліп келген болуы мүмкін.

Жеткіншектердің денсаулығына қауіп төндірген жауапсыз 13 қызметкер әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 1 жарым млн теңге айыппұл салынған. Қадағалаушы орган балабақша мен мектеп директорларына қандай да бір шара қолдануды сұрап, Қарағанды қалалық білім бөліміне ұсыныс жібермекші.

Нұржан Сүгірәлиев, Қарағанды қаласы Октябрь ауданы прокурорының орынбасары:

7 балабақшада қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түліктер пайдаланған. Олар - сүт, ет, ұн, дәмдеуіштер. Сонымен қатар 13 мектеп, 7 балабақшада 40-қа жуық дәрі-дәрмектің қолдану және сақтау мерзімі өтіп кеткен.

Айжан ҚУАШ