Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін Рамазан айының алғашқы күні

  • AstanaTV
  • 18 маусым 2015
  • 2105

Бүгін Рамазан айының алғашқы күні. Жақсылыққа жол сілтейтін Ораза - күллі мұсылман жамағатына жүктелген бес парыздың бірі екені белгілі. Дәл осы мүбәрәк айда барлығы сауапты істі көптеп жасауға асығады. Өйткені бұл - мейірім айы, кешірім айы. Тіпті кейбір мемлекеттерде дүкендер тауар бағасын арзандатып, сауда орталықтарындағы жеңілдікті осы отыз күндік оразамен байланыстырады. Солардың бірі - Түркия. Бұл елде осман заманынан бастау алатын салт-дәстүрлер күні бүгінге дейін сақталған. Толығырақ тілшіміз Самат Сүлей сабақтайды.

Бұл дауылпаздар - османлылардан қалған дәстүрді жалғастырушылар. Оларға жүктелген міндет - сәресіге бір сағат қалғанда, көше аралап, дабыл қағып, тәтті ұйқыдағы халықты оятады. Отыз күндік еңбектерін ескерген ел-жұрт алғыс айтуды «парыз» деп санайды. 

Дауылпаз ретінде мүмкіндік берілгеніне қуаныштымын, керемет! Күнделікті жұмысымыз сәресіден бұрын халықты ояту. 45-50 минуттай бірнеше көшені жүріп өтеміз. Әркімнің өзіне тиіс көшелері бар. Айына екі рет халықтың бергенін алып, ақша жинаймыз.

Дауылпаз атану - бәріне бұйыра бермейтін «қызмет». Ол үшін дауылпаз болғысы келген азамат жергілікті әкімдік ұйымдастырған іріктеуден өтуі тиіс. Яғни қазылар алқасына шеберлігін дәлелдесе ғана, ресми түрде жолдама алады.

Турхан Жандан, Ықшам ауданы әкімінің орынбасары:

Рамазанды тек ауыз бекітумен шектемей, бұл мұсылман қауымы үшін ұлық мереке екенін жеткізу сіздерге артылып отыр. Әрі сауап жинай отырып, күнде тұрғындарды оятуды сіздерге тапсырдық. Еңбекақыларыңыз да бізден емес, халықтан келетіні белгілі. Біз тек ұйымдастырушымыз.

Отыз күндік Ораза басталғаннан-ақ Ыстамбұлдағы Айясофия алаңы мен Сұлтан Ахмет мешітінің маңайына ақшам уақытында мыңдаған мұсылман жамағаты келеді. Көрікті жерге келіп, жақындарымен бірге ауыз ашуды дәстүрге айналдырған. Сондай-ақ, кеншілер де 300 метр тереңдіктегі қара жұмысының қиындығына қарамай ауыз бекітуде.

Ержан Екиджи, кенші:

Алдымен барлық мұсылман халқына оразасы қабыл болсын деймін. Әр отбасыға береке тілеймін. Қасиетті айдың алғашқы күні жұмыспен қатар келіпті. Оңай емес, әрине. Тәуекел, өйткені ораза парыз жұмыс аманат. 

Ораза - Құран айы. Сондықтан Ыстамбұлдағы 300 мыңға жуық Алла үйінде қасиетті кітаптан сүрелер оқылып, дұға-тілектер бағышталады. Осман империясынан қалған тарихи мешіттердің жанынан ауызашар уақытынан сәресіге дейін тікелей эфирде хабар таратылады. Дін жолындағылар бұқараның сан түрлі сұрақтарына жауап береді. Сонымен қатар, бұл жақтағы оразаның тағы бір ерекшелігі - елдегі әуе компаниялары, түрлі сауда орталықтары тауар бағасын әдеттегіден арзандатып, жеңілдік маусымын ораза айына орайластырады. 

Самат СҮЛЕЙ